Астанада сапасыз құрылыстан жапа шеккендер ауыр хәлде жатыр

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Астанада көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті опырылып, кондиционер төмен құлағаннан кейін жарақат алған бес адамның екеуі жансақтау бөлімінде ауыр хәлде жатыр. Қалған үшеуі ауруханада ем қабылдап жатыр. Қалалық полиция сапасыз салынған құрылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады, тергеу басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қасбет құлағанда алғашқы үш тұрғын зардап шеккен

КТК мәліметінше, тоғыз қабатты үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы аяқ астынан опырылып түскен. Алғашында жолда кетіп бара жатқан апалы-сіңлі екі әйел мен олардың ағасы ауыр жарақат алған. Бірнеше секундтық айырма өмірді шегіне жеткізген: үйдің қасбеті дүкенге кірмек болған екі әйелдің дәл үстіне құлаған.

Зардап шеккендер дереу туысына хабарласып үлгереді. Көмекке жеткен ағасы да құлаған кірпіш астында қалып, ауыр жарақат алады.

Жедел жәрдем қызметкерлері де жарақат алды

Тұрғындарға көмекке келген жедел жәрдем бригадасының екі қызметкері де қауіптің астында қалды. Фельдшердің басына жоғарыдан кондиционер құлап, екеуі де жансақтау бөліміне түсті.

- Күйеуім жүгіріп келді... өзі де тастың астында жатыр, жанында фельдшердің аяғы көрініп тұр, – дейді науқастың келіні Айгүл Қалиева.

«Өз әйелімді көргенде қолым дірілдеп қалды» — дәрігер

Зардап шеккендердің арасында үйленгеніне небәрі екі апта болған жас жұбайлар бар. Жедел жәрдем қызметкері Әділет Зейнел сол түні жансақтау бөліміне түскендердің қатарынан өзінің жарын көргенде сілейіп қалғанын айтады.

- Күнде түрлі жарақатпен қанша адам қабылдаймыз. Бірақ өз әйелімді сол күйде көргенде ештеңе істей алмадым. Қолым дірілдеп, тек жыладым, – дейді ол.

Құтқарушылар «кеш келді» деген шағымды жоққа шығарды

Зардап шеккендердің жақындары төтенше жағдай қызметі дер кезінде жетпеді деп айыптаған. Алайда ТЖД өкілдері ақпаратты жоққа шығарып отыр.

Әділет басқармасының орынбасары Әрлен Бүркітбайдың айтуынша, алғашқы хабарды жедел жәрдем алған, олар оқиға орнына бірінші болып жеткен. Ал 112 қызметіне хабар түскенде құтқарушылар дереу жолға шыққан.

- Әлеуметтік желілерде тараған «құтқарушылар кеш келді» деген мәліметтер шындыққа жанаспайды, – деді ол.

Тергеу жүріп жатыр

Дәрігерлердің мәлімдеуінше, үш науқастың хәлі орташа, палатаға ауыстырылған. Ал екі адамның жағдайы өте ауыр. Полиция «Сапасыз салынған құрылыс» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер үйдің қаптамасының неге опырылғанын, құрылыс нормаларының қаншалықты сақталғанын анықтап жатыр.