Алматыдағы бірнеше шағын аудан 13 сағаттан бері жарықсыз отыр

Сымбат Сатыбалдина
Фото: тұрғындардан

Алматыдағы бірнеше шағын аудан 13 сағаттан бері жарықсыз отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тұрғындардың сөзінше, жарық 13 қарашада кешкі сағат 19.00 шамасында өшкен. Бастапқыда жарық Алатау ауданы бойынша жоқ екені хабарланған. 

Сонымен қатар, тұрғындардың сөзінше, қосалқы станцияларда толық жарық өшіп, желілерде апат болған. 

- Жоғары кернеулі желіде апат болды. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Электр энергиясы шамамен 2–3 сағатқа өшеді, делінген тұрғындарға жіберілген жауапта. 

ЖАНЫП-ӨШТІ

Алматыдағы Алатау ауданында орналасқан Ақкент шағын ауданының тұрғындарының сөзінше, жарық тек арасында өшіп-жанған. Қазіргі уақытта жарық әлі қосылмаған. 

ЖАУАПТЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Бұл жағдайға қатысты «Алматы электр желілері компаниясы» АҚ өкілдері пікір білдірді. Олардың сөзінше, 13 қараша күні ЖЭО-2 нысанында 110 кВ №124А және №101А электр жеткізу желілерінде апатты ажырату жағдайы тіркелген. Соның салдарынан ПС-162А «Алғабас», ПС-169А «Ақбұлақ» және ПС-123А «АТЭЦ-2» қосалқы станциялары уақытша электр энергиясынан ажыратылған. 

Нәтижесінде Алматы қаласының Алатау ауданындағы бірқатар тұтынушылар жарықсыз қалды. Атап айтқанда, Ақбұлақ, Алғабас, Ақкент, Саялы, Теректі, Ғажайып, Көксай, Нұркент, Дарабоз, Зерделі шағын аудандары мен Райымбек даңғылы – Момышұлы – Мөнке би көшелері бойындағы аумақтарда электр қуаты уақытша өшірілген. 

Оқиға орнында апатты қалпына келтіру бригадалары, сондай-ақ «АЖК» АҚ мен Алатау ауданы әкімдігінің қызметкерлері жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта мамандар апаттың себебін анықтап, электр энергиясын кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.