«Өлім себебі – ауыр бас ми жарақаты»: марқұм Айзат Жұманованың неден қаза болғаны айтылды

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Талдықорғанда күйеуі «ұрып өлтірді» деген марқұм Айзат Жұманованың қазасына байланысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі сот процесінде сот-медициналық сарапшыдан жауап алынып, марқұмның неден қайтыс болғаны туралы айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.

«Өлім себебі – ауыр бас ми жарақаты»

19 желтоқсандағы сот процесіне марқұм Айзат Жұманованың мәйітіне қосымша, тәуелсіз сот-медициналық сараптама жасаған Тахир Халимназаровтан жауап алынды. Ол Айзат Жұманованың жүйде тұсынан алынған бас жарақатынан қаза болғанын айтты. Оның сөзінше, мәйтке эксгумация жасалған.

«Өлім себебі – ауыр бас миы жарақаты деп саналады. Қорытындыда біз көрсеттік, бас ми жарақатының механизмдерін. Ол жерде біздің көрсетуіміз бойынша, басқа, бетке түсірген бірнеше жарақаттың, сосын шүйде жағының бас сүйегі сынған ғой. Бас сүйегінің астыңғы жағына өтіп кеткен. Соның барлығын қосқанда бас ми жарақаты деп есептелінеді», - деді сарапшы.

Екінші сараптама қабырға сүйегі сынғанын анықтаған

Тахир Халимназаров Айзат Жұманованың денесінен  дене жарақаттары анықталғанын айтты. Ол бірінші сот-медицина сараптамасы жоғарғы қабырға сүйегінің сынғанын таппаған деді. Екінші сараптамада ол анықталған.

«Қорытындыда көрсетілген, бетінде, басындағы жарақаттардың барлығы сол соққының ізі болып есептеледі. Бірақ оның кейбіреулері өте майда, кішкентай, құлағындағы, бетіндегі сызықтар соққыдан болмауы мүмкін. Қалған бетіндегі, сөзіндегі көгергендер жиынтығы сол жарақатқа алып келуі мүмкін», – деді ол.

Сотталушының жауабы

Бүгінгі сот процесінде түске дейін сотталушы Айбар Жанболаттан жауап алынған. Ол әйелі Айзат Жұманованы оқиға болған күні соққыға жыққанын жоққа шығармаған. Бірақ өлтіремін деген ойым болған жоқ деді. Өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Контекст

32 жастағы Жетісу облысының тұрғыны Айзат Жұманованы күйеуі ұрып өлтіргені жөнінде биыл маусымда белгілі болған. Сол уақытта марқұмды күйеуі атқа сүйреп өлтірді деген ақпарат тараған. Оқиға Баласаз ауылында болған.

Бастапқыда іс қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша қозғалған. Кейіннен жәбірленуші тараптың шағымынан кейін іс 99-баптың 1-бөлігіне қайта сараланған. Бірақ адвокат Арман Шәріпов іс 99-баптың 2-бөлігімен саралануы тиіс деп есептейді.

Бұған дейін

Бұған дейін 5 желтоқсанда Айзат Жұманованың өліміне байланысты негізгі сот талқылауы болды. Сот процесінде куәлерден жауап алынды.