"Басынан тепкілеген". Жаркентте әйел адам баласын батареяға байлап сабаған

Сырым Қаржас
Видео кадры

Жетісу облысындағы Жаркент қаласында әйел адам баласын батареяға байлап сабаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жантүршігерлік видеоны журналист Жанар Нұртазина әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Видеода әйел адам баланы батареяға байлап, тепкілеп, аяусыз ұрып жатқанын көруге болады. Сонымен қатар, әйел адамның баланы басынан тепкенін де байқауға болады. 

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Жаркент қаласындағы WhatsApp топтарында таралған бейнежазба фактісі бойынша Панфилов аудандық полиция қызметкерлері жедел түрде тексеру жүргізді. Тексеру барысында видеода 28 жастағы әйел кәмелетке толмаған баласын ұрғаны анықталған. 

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

БАЛАЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ

Екі бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мән-жайды анықтағанға дейін Отбасын қолдау орталығына орналастырылды. Қамқоршылық және қорғаншылық органының атына ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау туралы тиісті ұсыныс жолданатын болады.

ТЕРГЕУ БАҚЫЛАУДА

Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында. Тергеу нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.