Атырауда қаза тапқан отбасының ұлы мен қызының денесінен жарақат табылды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Атырау облыстық полициясы Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты іс бойынша жаңа мәліметтерді жариялады. Қаза тапқан ерлі-зайыптылардың ұлы мен қызының денесінен өткір затпен салынған жарақат іздері анықталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Атырау облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықовтың айтуынша, жарақат белгілері Наурыз бен Мейрамгүлдің денесінен табылған. Олар Атыраудағы «Геолог» шағын ауданындағы үйдің ауласынан табылған, деп жазады «Қазақпарат».

Оның сөзінше, өлімнің нақты себебі мен қай уақытта қаза болғаны сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады.

КОНТЕКСТ

9 наурыз таңертең бұл істе күдікті ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Қазақстанға жеткізілгені хабарланған. Бұған дейін олар Индонезияда ұсталған. Күдіктілер алдымен этаппен Mалайзияға жеткізіліп, кейін Қазақстанның құқық қорғау органдарына тапсырылған.  

Қазіргі уақытта Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева қамауда, тергеушілерге жауап беріп жатыр. Іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылы қарашада Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді шаруашылық құрылыс нысанының астына көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.

Былтыр желтоқсанда Атырау облысының Қызылқоға ауылында тұтастай бір отбасының із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабар тараған. Кейіннен ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті өздері тұрған үй аумағынан табылған. Іс бойынша отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті деп танылып, іздеу жарияланған.