Қазақстанның басым бөлігінде 12-14 қарашада жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Елдің орталығы мен шығысында түнде ауа температурасы 15 градусқа дейін төмендейді. Сондай-ақ барлық өңірде жел күшейіп, шығыста бұрқасын соғады. Түнде және таңертең тұман түседі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ауа райы оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда қатты бұзылады. Онда нөсер жаңбыр мен қар жауады.
Қай өңірлерде жауын-шашын болмайды
Кей күндері елдің батысында, солтүстігі мен орталығында жауын-шашын түспейді. Ал оңтүстікте 13 қарашадан бастап күн ашылады.
Қай өңірлерде күн жылынады
Ең жылы ауа райы батыста болады. Түнде ауа температурасы 2-9 градусқа дейін көтерілсе, күндіз 8-17 градус жылы болады.
Оңтүстікте түнде 1-8 градус аяз болады. Күндіз ауа температурасы 5-12 градусқа дейін көтеріледі.
Оңтүстік-шығыста түнде 3-8 градус аяз, таулы аймақтарда 11-16 градус аяз болады. Күндіз жазық жерлерде ауа температурасы 2-10 градусқа дейін көтерілсе, таулы аймақтарда 1-6 градус аяз сақталады.
Қай өңірлерде аяз күшейеді
Ең суық ауа райы елдің орталығы мен шығысында болады. Түнде сынап бағаны 5-15 градус аязға дейін төмендейді. Күндіз ауа температурасы 3 градус аяз бен 5 градус жылылық аралығында болады.
Солтүстікте түнде 2-10 градус аяз болады. Күндіз ауа температурасы 5 градустан аспайды, кей жерлерде 2 градус аяз сақталады.