Шетелде тұратын қазақстандықтарға зейнетақы төленбеуі мүмкін

Ulysmedia коллажы

Шетелде тұрақты тұратын қазақстандықтарға зейнетақы алу үшін жаңа талап енгізілуі мүмкін. Олар жыл сайын басқа елде дәл осындай зейнетақы алмайтынын растауға міндеттеледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Заң жобасында не жазылған?

Құрылтайға шетелге тұрақты тұруға көшкен Қазақстан азаматтарына зейнетақы төлеу тәртібін өзгертетін заң жобасы енгізілді.

Құжатқа сәйкес, зейнеткерлер жыл сайын тұратын елінде осындай зейнетақы алмайтынын растауы керек. Егер мұндай құжат ұсынылмаса, зейнетақы тағайындаудан бас тартылуы, ал бұрын тағайындалған төлемдер уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Өзгерістер мемлекеттік базалық зейнетақы мен жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қатысты.

Шетелге көшу зейнетақыдан айырмауы керек

Түзетулер Конституциялық соттың 2026 жылғы 18 мамырдағы шешімінен кейін әзірленген.

Сот Қазақстан азаматтары тұрақты тұратын жеріне қарамастан, мемлекеттік базалық зейнетақы мен жасына байланысты төлемдерді алу құқығын сақтайтынын түсіндірді. Ол үшін заңда белгіленген өзге талаптарға сай болуы қажет.

Қаулыда:

– Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау әрі алу құқығын іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының азаматы заңда белгіленген өзге талаптарға сай болса, одан Қазақстан аумағында тұрақты тұру талап етілмейді, – делінген.

Конституциялық сот заңнамада шетелде тұрақты тұратын азаматтарға зейнетақы төлеудің нақты тетігі жоқ екенін де атап өтті.

Үкіметке зейнеткерлердің құқықтарын қорғауға және заңсыз төлемдердің алдын алуға бағытталған түзетулер әзірлеу тапсырылған.

Енді заң шығарушылар бұл мәселені шетелде осындай зейнетақы алмайтынын жыл сайын растау талабы арқылы шешуді ұсынып отыр.

Сізге қызық болуы мүмкін