Атырауда полицейге пышақпен шабуылдаған әйел 4 жылға сотталды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Атырауда 2025 жылдың қазан айында полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған әйелге қатысты сот үкімі шықты. Сот оны 4 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оқиға Привокзальный шағынауданында болған. Учаскелік инспекторлар көршілердің шақыруымен подъезден мас күйдегі ер адамды шығару үшін келген.

Сол сәтте оның әйелі де мас болған. Алдымен ол полицейдің бірін жұдырықпен ұрған. Кейін күйеуін ұстап, алып кетіп бара жатқан кезде екінші қызметкердің иығына пышақ сұққан.

Салдарынан екі полицей де жеңіл жарақат алған.

СОТ ШЕШІМІ

Сот әйелдің төрт баласы барын, оның екеуі кәмелетке толмағанын ескеріп, жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды. Сонымен қатар, оған мәжбүрлі түрде маскүнемдіктен емделу тағайындалды.