Атырауда 29 жастағы ер адам өзінен алты жас кіші әйелін жер-жебіріне жетіп балағаттап, бесіктің ағашы сынғанша сабаған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
azh.kz-ның хабарлауынша, өңірлік коммуникациялар қызметінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыланды.
«Әйелдердің көбі ерінің өзінеқол көтергеніне, балағаттайтынына шағымданады. Мысалы, жақында Атырауда 29 жастағы ер адам өзінен алты жас кіші әйелін жер-жебіріне жетіп балағаттап, бесіктің ағашы сынғанша сабаған», - дейді облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Замзагүл Жалмурзина
Облыстық полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Райса Айтжанованың айтуынша, былтыр облыста отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты төрт жағдай тіркелсе, жыл басынан бері үш жағдай тіркелген. Бұл ҚР ҚК-нің 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру»), 107-бабы («Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру») және 115-бабы («Қорқыту») бойынша қозғалған қылмыстар.
«Жыл басынан бері Атырауда 102 нөміріне әйелдер тарапынан 3613, ал аудандарда 555 қоңырау түскен», - дейді ол.