Шымкент – Қазақстандағы ең ірі үш мегаполистің бірі. Бүгінде мұнда миллионнан астам адам тұрады. Бұл – елдің оңтүстігіндегі экономикалық қана емес, қоғамдық-саяси тұрғыдан да маңызды қала. Шымкенттің өз мінезі бар. Мұндағы халық белсенді, елдегі өзгерістерге бейжай қарамайды. Әсіресе, саяси науқандар кезінде шымкенттіктердің талабы мен таңдауы, көңіл-күйі маңызды.
Сондықтан Ulysmedia.kz редакциясы ресми мінбердегі сөзді емес, қарапайым шымкенттіктердің пікірін тыңдау үшін қалаға арнайы барды. Қаланы не алаңдатады? Қандай мәселелер ең бірінші кезекте шешілуге тиіс? Саяси партияларға сенім қандай? Сайлаудан қандай өзгеріс күтеді? Осы сауалдарға жауап іздедік.
ШЫМКЕНТТІКТЕР ҮШІН ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ДЕГЕН НЕ?
«Bal Testil» кілем фабрикасының негізін қалаушы Талғат Исхаховтың айтуынша, елдегі саяси өзгерістердің нәтижесін қаланың тыныс-тіршілігінен анық көруге болады.
– Бай да, кедей де, басшы да, қатардағы қызметкер де заң алдында бірдей болуы тиіс. Әділеттілік тек сөзбен емес, іс арқылы көрініс табуы тиіс. Халық қазір соны сезініп жатыр. Қазір әлеуметтік желі қуатты. Халық өз проблемасын желі арқылы жеткізіп, үкімет оған дер кезінде үн қатып жатқанына куәміз. Көшелеріміз, кәріз жүйелері жаңарып, қаламыз қарқынды дамып келеді, – дейді ол.
Айтыскер ақын Нұлан Есенқұловтың пікірінше, Шымкенттің ғана емес, тұтас республиканың дамуындағы оң нәтижелер – халық пен билік өкілдерінің ынтымақтаса жұмыс істеуінің нәтижесі.
– Билік пен халық бір мақсатқа жұмылып, жұмыс істесе, бәрі алға ілгерілейді. Сондықтан халықтың да ынта-жігері маңызды. Басқарып отырған азаматтардың біліктілігі, халыққа шын жанашырлығы көп мәселені шешеді. Халықтың көкейінде жүрген проблемаларды, айтыста айтайық деген мәселелерді «Әділет» партиясының бағдарламасынан оқыдым. Сондықтан осы партия қатарына қосылдым. Бағдарламаның бірінші басымдығы – заң мен тәртіп. Тәртіп бар жерде жүйелі жұмыс болады. Тәртіп сапалы жұмысқа шақырады. Күшті әлсізге азу тісін батырмауы керек. Заң алдында хан да, қара да тең болсын десек, оны заң мен тәртіп қағидаты шешеді, – дейді Нұрлан Есенқұлов.
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР
Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың негізгі өзегі – 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституциямыз. Шымкент халқымен кездесуде «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай Ата Заңымызға кереғар әрекеттер жайлы сөз етіп, мемлекет пен қоғамның жіктелуіне әкелетін әрекеттерге жол берілмейтінін еске салды.
– Жақында қоғамдық өмірде біздің мәдениетіміз бен дәстүрімізге жат ұстанымдарды қоғамға таңу әрекеттері тағы көрініс алды. Оны бәріңіз естідіңіздер. Әңгіме мерекелерде әйелдерді кемсіту, ерлер мен әйелдерді бөлек отыруға шақыру, музыка мен әнге тыйым салу туралы болып отыр. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біз жаңа Конституцияны қабылдадық. Онда ресми түрде заң мен тәртіп, зайырлылық, ұлттық бірегейлік, адамның қадір-қасиеті сияқты қағидаттарды бұрынғыдан гөрі анық және жоғары деңгейге көтердік, – деді ол.
Партия төрағасы Конституцияны мемлекет те, қоғам да құрметтеуі тиіс екенін баса айтты.
– Ешқандай діни догма Конституция мен еліміздің заңнамасынан жоғары тұра алмайды. Біз кемсітушілікке, қоғамның жіктелуіне, әсіресе, жастардың санасының улануына әкелетін архаикалық және радикалды түсіндірмелерді қоғамға таңуға жол бермейміз, – деді Айбек Дәдебай.
АДАЛ ЕҢБЕК ИЕЛЕРІНІҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫ
Шымкенттің соңғы жылдары ерекше құлпырып, гүлдене түскенін жас та, кәрі де мақтанышпен айтады. Мұның артында коммуналдық қызметкерлердің ерен еңбегі тұр. Олар жаздың 40 градустан асып жығылатын аптап ыстығында, қыстың қақаған аязында да демалмай қызмет етеді.
– Мұның бәрі халықтың еңбегі. Басқа жерлерде де болдым, бірақ тазалық жағынан Шымкент қаласы көш ілгері, – дейді тазалықшы Роза Жаниманова.
Коммуналдық қызметкер Әбдікерім Кебенұлының айтуынша, сала жұмысшылары өз қызметтерін адал әрі ерекше ықыласпен атқарады.
– Қарауымызда 300 гектар аймағымыз бар. 30 үйдің алдындағы тазалық жұмыстары біздің мойнымызда. 12 балалар алаңында, 8 стадионда күнделікті санитарлық жұмыстарды жүргіземіз. Аллеялардағы жайқалып келе жатқан ағаштарды, тап-таза көшелерді көргенде рахаттанасың. Содан ләззат алып, шаршау дегенді ұмытасың, – дейді жұмысшы.
Коммуналдық қызметкерлер арасында мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Солардың бірі – Гаухар Байдуллаева.
– Жұмысқа орналасарда екінші топ мүгедек екенімді жасырмай айттым. Басшымыз жұмысқа бірден алам дегенде қуанып кеттім. Қоқыстарды тазалау, аумақтарды сыпыру сияқты қолымнан келетін жұмыстарды атқарамын. Қала тұрғындарының мәдениеті жоғарылап келеді. Тұрғындар өздері тұратын аумақты күтіп-баптап ұстауға тырысады. Бұрынғыдай қоқыс көрінген жерде шашылып жатпайды. Қала халқымен бірге Шымкенттің таза әрі көрікті қала болуына жұмыла қызмет етіп жатырмыз, – дейді тазалықшы.
Сала қызметкерлерінің тілегі – жалақыларының өсуі. Еңбекақылары көтерілсе, жұмысқа деген құлшыныстары арта түсетінін, қаланың көгалдануына, гүлденуіне одан әрі үлес қоса беретіндерін жеткізді. «Әділет» партиясының төрағасы коммуналдық қызметкерлердің бұл тілегін орындауға күш салынатынын айтты.
– Президентіміз 2024 жылы «Таза Қазақстан» бағдарламасын бастағанын білесіздер. Соның арқасында қалаларымыз гүлденіп жатыр. Бізге келген қаншама туристер, шетелдік қонақтар риза болып, осыны басқа елдерге үлгі етіп жатыр. Жаңа Конституцияның өзегі – адам. Ата Заңымызда белгіленген құндылықтарды нақты өмірге алып келу үшін «Әділет» партиясы арнайы құрылды. Партиямыз қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтқысы келеді. Бұл дегеніміз ең әуелі, өздеріңіз айтып отырған халықтың әл-ауқатын көтеру, жалақыны көтеру. Бағдарламамыз өте ауқымды. Ең бастысы, адамдар үшін жасалған, – деп сендірді Айбек Дәдебай.
Сондай-ақ, еңбеккерлер партия өкілдерімен кездесуде баспана мәселесін де көтерді.
– «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, қаншама қарапайым халық, соның ішінде ауа райының қолайсыздығына қарамастан таңнан кешке дейін еңбек етіп жүрген коммуналдық еңбеккерлердің көбінде баспана жоқ, жалдамалы пәтерден-пәтерге көшіп жүр. Осы мәселені сіздер қалай шеше аласыздар? – деп сұрақты төтесінен қойды олар.
«Әділет» партиясының Республикалық штаб мүшесі Динара Зәкиеваның айтуынша, «Әділет» партиясының бағдарламасында әр мәселеге нақты жауап қарастырылған.
– Тұрғын үй мәселесін шешу үшін біріншіден норматив енгізілетін болатын: бір адамға – 30 шаршы метр. Яғни осы құрал арқылы тұрғын үйлерді салатын боламыз. 5 жыл ішінде 111 млн шаршы метр үй салынады, – деді ол.
ДӘРІГЕРЛЕРДІ НЕ АЛАҢДАТАДЫ?
Шымкенттің басты ерекшелігі – қала өте жылдам өсіп келеді. Ресми емес деректер бойынша, қала тұрғындарының саны 2 миллионға жетеғабыл. Халықтың өсуімен бірге денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақ та артқан. Миллионнан астам тұрғыны бар қалада әр адамға сапалы медициналық көмек көрсету – үлкен жауапкершілік. Медицина мамандарының алдында қандай міндеттер тұр? Дәрігерлерді не алаңдатады? Бұл сауалдарға жауап алу үшін Шымкенттегі Симуляциялық орталыққа бас сұқтық.
Бұл орталық бізді таңғалдырмай қоймады: заманауи технология, жаңа жабдықтар, медициналық жағдайды барынша шынайы модельдеуге мүмкіндік беретін жүйе. Мұнда болашақ дәрігерлер теорияны оқып қана қоймай, нақты тәжірибеге барынша жақын жағдайда кәсіби дағдыларын шыңдайды. Тағы бір назар аударғанымыз, мұнда жұмыс істейтіндердің дені – жастар.
– Тәулігіне 2300-2500 шақырту қабылдаймыз. Қоңыраулардың бәрі бізге келіп түседі. Оның әрбірі маңызды, әрқайсына мұқият қараймыз. Бір адамның баласы сырқаттанып жатса, енді бір әйел босанғалы жатады. Жұмыстың қиындығы да, игілігі де бар. Осы мамандықты таңдағаннан кейін ісімізді абыроймен атқарып, азаматтарға уақтылы көмек көрсетуді кәсіби борышымыз деп білеміз, – дейді шақырту қабылдау фельдшері Жанна Құралбекова.
Орталықтың тағы бір қызметкері Аймира Ариф те мамандықты жүрек қалауымен таңдағанын айтады.
– Адамдарға жедел көмек көрсетіп, сырқатын емдеуді бала күннен армандадым. 24 сағат демалыссыз жұмыс істесек те, шаршамауға күш-қуат беретін – айыққан науқастардың алғысы, – дейді жас маман.
Аға дәрігер Гаухар Оразбаеваның айтуынша, халықтың өмір сүру жасының ұзаруы салауатты өмір салтын ұстануға, дұрыс тамақтануға тікелей байланысты.
– Өкінішке қарай, халық фастфудты, тәттіні көп тұтынады. Ауру-сырқаудың көп болуы сондықтан. Шымкент – жеміс-жидекке бай қала. Өзіміз өсірген табиғи өнімдерді тұтынсақ, денсаулығымыз жақсара түсер еді, – дейді дәрігер.
Коммуналдық қызметкерлер секілді қаладағы ақ халатты абзал жандарды да баспана мен жалақы мәселесі алаңдатады екен. Шымкентте тұрғын үйдің қолжетімдігі артса, шағын болса да өз баспанамыз болса дейді олар.
ОҢТҮСТІКТЕ АУЫЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?
Қаланың ғана емес, ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігін де көрмекке Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бөржар ауылына ат басын бұрдық. Ауыл тұрғындары еңбекқор, іскер. Ерлер көбіне мал шаруашылығымен айналысса, әйелдер қауымы үйде отырып-ақ шағын кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Мәселен, ауыл тұрғыны Пернегүл Қасымбекова құс өсірумен және жартылай дайын өнімдерді дайындаумен айналысады. Оларды жергілікті тұрғындарға сатып, табысын тауып отыр. Оның айтуынша, бөржарлықтарды алаңдататын негізгі мәселе – жарықтың жиі сөнуі.
– Электр қуатымен қамту мәселесі шешімін тапса дейміз. Ауа райы сәл бұзылса, жарық сөніп қалады. Шағын кәсібім болғандықтан, жарықтың өшуі жұмысыма көп кедергі келтіреді. Жартылай дайын өнімдерді қатырып, сатумен айналысам. Тоңазытқыштың жиі істемей қалуы өнімдердің бұзылуына алып келеді, – дейді Пернегүл.
Десе де, ауыл тұрғындары соңғы жылдардағы оң өзгерістерге дән риза. Әсіресе, үлкендер жағы өткен мен бүгінгіні салыстырып, игілікті істердің нәтижесіне көңілдері толатынын жеткізді.
– Қазір ауылдың жағдайы жаман емес. Ауданымыз да көркейіп келеді. Бәрі басшыға байланысты. «Ауылыңда итің жаман болса, ит емес, өзің жамансың» деп үйрететін бізді. «Жаман, жаман» деп кері тарта бермей, жақсылықты да көре білу керек. Басшының бастамасының қалай орындалатыны тұрғындардың ықыласына, ынтасына байланысты. Бәріміз өзгерістерді қолдап, сайлауға қатыссақ, белсенді болсақ, даму болады – дейді ақ жаулықты Сәлима әже.
КӘСІПКЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?
Сапар барысында Шымкенттегі арнайы экономикалық аймақты да аралаудың сәті түсті. Онда өндірістік цехтар, фабрикалар, жаңа кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. Бұл – Шымкент экономикасының қалай өсіп жатқанының көрінісі. Шымқаланың кәсіпкерлер қаласы деп аталуы бекер емес. Мұнда 130 мыңнан астам белсенді шағын және орта бизнес субъектісі бар. Осы салада 250 мыңнан астам адам еңбек етеді. Яғни, қала тұрғындарының үлкен бөлігі өз кәсіптерін ашып, жұмыс орындарын құрып, жергілікті экономиканы алға сүйреп отыр.
Шымкент кәсіпкерлері іскер ғана емес, қоғамдық-саяси тұрғыдан да белсенді. Олар салық, несие, бизнестің жағдайын ғана емес, елдегі өзгерістерді, саяси реформаларды, сайлауды да қызу талқылайды. Сондықтан ресми статистиканы ғана емес, кәсіпкерлердің өздерін де тыңдап көрдік.
– Шымкент қаласының әкімдігі 85 сотық жер берді. Осы жерде дәптер, қалың дәптер, журнал сияқты қағаз бұйымдарын шығарамыз. Жылына 12 парақтық дәптердің шамамен 50 млн данасын шығарамыз. Қазақстан мектептері сұранысының 25-30 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді Dapter Line ЖШС директоры Қанат Әлімбаев.
Экономикалық аймақта өндірісін дөңгелетіп отырған Balabi Textile компаниясы да ашылғанына небәрі 1 жыл болғанына қарамастан, нарықта өз орнын алып үлгерген. Фабрикада су жаңа 500 станок үздіксіз жұмыс істейді. Кәсіпорын шұлықтың түр-түрін шығарады.
– Фабрикада жұмыс істейтін 250-ден астам жұмысшы айына 3,5-4 млн шұлық өндіреді. Өнімдеріміз 100 пайыз мақтадан дайындалады. Жылына 48-50 млн шұлықты 10 мемлекетке экспорттап отырмыз. Еуропаға, оның ішінде Италияға да өнімдерімізді жөнелтеміз. Ішкі нарық енді оянып жатыр. Өнімдеріміздің 20 пайызы Қазақстан нарығында сатылады. Жергілікті халық отандық өнімдердің сапасын енді-енді бағалап жатыр, – дейді Balabi Textile компаниясының басшысы.
Шығарылымның толық нұсқасын Ulysmedia You-Tube арнасынан көруге болады.