9 қарашада Алматы, Талдықорған және Атырау қалаларында ауа сапасы нашарлауы мүмкін. «Қазгидромет» мамандары қолайсыз метеорологиялық жағдайлар туралы ескерту жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Синоптиктердің мәліметінше, Алматы мен Талдықорғанда ауа сапасына кері әсер ететін жағдайлар күндіз, ал Атырауда түнде байқалады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар ауа райы ластаушы заттардың атмосферада таралуына кедергі келтірген кезде қалыптасады. Бұған желсіздік, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия әсер етеді. Температуралық инверсия кезінде жерге жақын ауа қабатынан жоғары орналасқан жылы ауа атмосфераның тік бағытта араласуына бөгет болады.
Осындай жағдайда көліктерден, өнеркәсіп орындарынан және басқа да көздерден бөлінетін зиянды заттар жерге жақын ауа қабатында жиналады. Сондықтан шығарындылар көлемі өзгермесе де, ауадағы зиянды заттардың мөлшері артуы мүмкін.
ҚМЖ туралы ескерту үш қалада да зиянды заттардың шекті мөлшері асып кеткенін білдірмейді. Бұл ауа сапасының нашарлауына ықпал ететін ауа райы жағдайларының қалыптасқанын көрсетеді.
Ауа ластанған кезде мамандар ашық ауада ұзақ уақыт дене жаттығуларын жасауды шектеуге кеңес береді. Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға, балалар мен қарттарға ерекше сақ болған жөн.