СҚО-да депутаттыққа кандидаттардың үгіт материалдарына зақым келтіргендер жазаланды

Ғалиасқар Думан

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы өңір азаматтарын депутаттыққа кандидаттардың үгіт материалдарын бүлдірмеуге шақырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Ведомство үгіт материалдарына зақым келтірген азаматқа 15 АЕК (51 750 теңге) көлемінде айыппұл салынатынын ескертеді.

«Облыста үгіт-насихат материалдарын жоюдың екі фактісі тіркелді. Ол үшін азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Үгіт-насихат материалдары тұрған жерге бейнебақылау орнатылғанын атап өтеміз», - деді Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.

Айта кетейік, осыған дейін депутаттыққа өзін-өзі ұсынған Лұқпан Ахмедьяров әлеуметтік желіде сайлау додасында біреулер жарнама баннерлерін алып тастағанын жазған еді.

Журналистің айтуынша, бұған дейін ол жарнама агенттігімен қаладағы бағыттардағы автобустардың ішінде үгіт-насихат плакаттарын орналастыру туралы келісімге қол қойған. Алайда, кейін автобустан үгіт материалдарын таппай қалған.