Қазақстанға келген шетелдік саяхатшы Арал мен Қызылордаға сапарынан алған әсерін бөлісті. Ол түсірген видеода жолаушылардың пойызға қалай мініп жатқаны, айналадағы шашылған қоқыс пен вагоннан ағып жатқан су көрінеді. Бұл көрініс туристің есіне Үндістанды түсірген. Сонымен қатар, шетелдік қонақ қазақтың ұлттық тағамдары, жергілікті халықтың қонақжайлығы мен көңіл көтеретін орындары туралы да айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Аралға барған саяхатшы жолаушылардың пойыз вагонына қалай мініп жатқанын видеоға түсірген. Кейбірі вагонға көтерілу үшін шелектерді баспалдақ орнына пайдаланған.
«Мұнда адамдар пойызға осылай мінеді екен. Үндістанды сәл еске түсіреді, солай емес пе? Жолаушылар вагонға көтерілу үшін шелек қойып жатыр. Бұл – Арал», – дейді саяхатшы.
Видеодан айналада шашылып жатқан қоқыс пен пойыз вагонынан ағып жатқан суды да байқауға болады.
Бұдан кейін шетелдік саяхатшы Қызылордаға жол тартып, жергілікті өнімдермен және қазақтың ұлттық тағамдарымен танысқан. Әсіресе сүт өнімдеріне ерекше қызығушылық танытқан.
Турист сары май, сүзбе, бие мен түйе сүтін көрсетіп, олардың түр-түрі сатылатынын айтқан.
«Мұнда бие мен түйе сүті өте көп екен. Жалпы сүт өнімдерінің неше түрлісін табуға болады», – дейді ол.
Саяхатшы қымыздың да дәмін татып, оның ерекше дәміне таңғалған.
«Қымыздың ерекшелігі – қатты ашытылатын сусын екен. Ішіп алып, мас болып бара жатқан сияқтымын! Өте дәмді!» – деп әсерімен бөлісті турист.
Шетелдік қонақ видеосында жылқыларды, жергілікті караоке орындарының бірін және қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татқан сәттерін де көрсеткен.