Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері республикалық желі бойынша Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында автожолдың жүріс бөлігін еріген қар суы басуының 8 қысқа мерзімді жағдайы тіркелген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков мәлім етті.
«Ақтөбе облысында Қобда кентінің маңындағы «Самара-Шымкент» автожолының 613 шақырым учаскесінде еріген қар суын өткізу үшін жол төсемі ашылды. Жол төсемі қалпына келтіріліп, көліктердің қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысы үшін барлық жағдай қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда қозғалыста шектеу жоқ», - деді ведомсвто өкілі.
Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның екі облысында су басу қаупі жоғары екені хабарланған.
Сондай-ақ, су тасқынына байланысты Ақтөбе облысының Ойыл ауданында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды.