Триллиондарды тізгіндеген «Самұрық-Қазына»: ұлттық байлықты кім және қалай басқаруы керек

Ulysmedia.kz коллажы

«Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуынан кейін мемлекеттік активтерді басқару жүйесінің тиімділігі жөніндегі мәселе тағы да күн тәртібіне шықты. Директорлар кеңесі, аудиторлар мен түрлі бақылаушы органдар бола тұра, ірі сыбайлас жемқорлық дауының тууына не себеп? Тәуелсіз директорлар неге әрдайым тәуелсіз бола бермейді? «Самұрық-Қазынаның» ендігі тағдыры қандай болады: қорды реформалау қажет пе, әлде тарату керек пе? Осы және өзге де өзекті сұрақтарды Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева Қазақстанның кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Қанат Нұров пен QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаевқа қойды.

ДОЛЛАР ЖАУҒАН ТАҢ

Бүкіл ел назарына іліккен соңғы оқиғаларды қалай қабылдадыңыздар? Әңгіме жай ғана бір министрлік туралы емес, Қазақстанның ең ірі ұлттық әл-ауқат қоры туралы болып отыр.

Қанат Нұров: Әрине, көңілімізді түсірді. Жұрттың бәрі әзілге басып, «доллар жауыны» туралы қалжыңдар айтыла бастады. Бірақ мұнда күлетін ештеңе жоқ. Меніңше, мұндай жағдайдың болғаны таңданатын нәрсе емес. Экономикамыздың басты мәселесі – басқарудың шектен тыс орталықтандырылуы. Бұл тек мемлекеттік секторға ғана емес, квазимемлекеттік және корпоративтік құрылымдарға да тән. Мұның бәрі корпоративтік құқық қағидаттары сақталмайтын заңнамаға байланысты қалыптасқан. Сондықтан мен кімнің кімді қалай тонағанынан гөрі, мұндай жағдайға қалай жол берілгеніне көбірек тоқталғым келеді. Меніңше, бұған корпоративтік басқару қағидаттарының жұмыс істемеуі себеп.

Данияр, сіз бірнеше жылдан бері «Самұрық-Қазына» мен оның еншілес ұйымдарын басқару мәселесін көтеріп келесіз. Бақылау жүйесі неге жұмыс істемеді?

Данияр Темірбаев: Нұрлан Жақыповтың ұсталуы да, оның бұл қызметке тағайындалуы да тосын жағдай болды. Бұған дейін «Самұрық-Қазынаны» саяси салмағы басым, әкімшілік ықпалы күшті тұлғалар басқарды. Ахметжан Есімовті, Қайрат Келімбетовті, Алмасадам Сәтқалиевті еске түсіріңіздер. Олардың мемлекет басшысына тікелей шыға алатыны белгілі еді.

Нұрлан Жақыпов тағайындалғанда көпшілік секілді мен де «Бұл кім?» деген сұрақ қойдым. Өйткені ол жұртқа онша таныс емес еді. Тағы бір қызық жайт бар. Халық назары ұсталған басшылардың кім екеніне емес, жоғарғы қабаттан лақтырылған шабадандарға көбірек ауды. Әзірге бұл шабадандардың іске қатысы бар-жоғын білмейміз. Оны тергеу анықтауы керек. Бірақ қоғамдағы басты талқы осы шабадандар төңірегінде өрбіді. Жұрт оқиғаның көзге ұрып тұрған жағына көбірек мән беріп, мәселенің тереңіне үңіле қоймады.

Қанат Нұров: Мен әңгімені мәселенің түпкі мәніне бұрғым келеді. «Самұрық-Қазынаны» немесе ҚТЖ-ны нақты кім басқарғаны соншалықты маңызды емес. Кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін тергеу анықтауы керек.

Жүйе қалай жұмыс істеуге тиіс екеніне назар аударыңыздар. «Самұрық-Қазынаның» директорлар кеңесі мен басқармасы бар. ҚТЖ-да да дәл осындай екі орган жұмыс істейді. Олардың өкілеттіктері бір-бірінен ажыратылуы керек: директорлар кеңесі бақылау жасайды, ал басқарма күнделікті шаруаны жүргізеді. Бірақ бізде бәрі бір орталыққа бағындырылған. Негізінде, сатып алуды жергілікті жерлерде жүргізіп, орталықтан бақылау керек. Ал барлық сатып алуды орталыққа жинақтаса, онда сол орталықтың өзін кім бақылайды? Бас прокуратура ма? ҰҚК ме? Құқық қорғау органдары бәріне бірдей бақылау жасай алмайды ғой. Сондықтан адам табиғатымен күресуге тырысқаннан гөрі корпоративтік басқаруды орталықсыздандыру әлдеқайда маңызды.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ КӨП, КОРПОРАТИВТІК БАҚЫЛАУ АЗ

«Самұрық-Қазынада» директорлар кеңесі, аудиторлар, комплаенс қызметтері, қоғамдық кеңес бар. Олардың бәрі қайда қараған?

Данияр Темірбаев: Мәселе де осында. Мемлекеттік бақылау тетіктерінің қаншалықты көп екенін қараңыздаршы. «Самұрық-Қазынаның» директорлар кеңесін премьер-министр басқарады. Қоғамдық кеңес, тәуелсіз директорлар, аудиторлар, түрлі қызметтер бар.

Бір мысал келтірейін. Біздің қауымдастық директорлар кеңесінің мүшесі ретінде таныстырылған SKAI жасанды интеллекті туралы сауал жолдады. Менеджмент үшін бұл әдемі ақпараттық науқанның бір бөлігі болған шығар. Ал біз үшін бұл – заңдық мәселе. Заң факультетінің бірінші курс студентінің өзі жасанды интеллектінің құқық субъектісі бола алмайтынын, оның құқығы да, міндеті де жоқ екенін біледі.

Біз Бас прокуратура мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне өтініш жолдадық. Сонда менде мынадай сұрақ туындады: директорлар кеңесі, заңгерлер, комплаенс қызметі, ішкі аудит қайда қараған? Осы бір мысалдың өзі корпоративтік басқаруда күрделі мәселелер бар екенін көрсетті.

«Самұрық-Қазынада» мемлекеттік бақылау тым көп те, корпоративтік бақылау жеткіліксіз. Мен жалпы корпоративтік құрылымдар жанынан қоғамдық кеңес құруға қарсымын. Директорлар кеңесі, басқарма, комитеттер мен ішкі аудит қызметтері бар болса, тағы бір органды не үшін құру керек? Бұл, шын мәнінде, қолданыстағы жүйенің жұмыс істемейтінін мойындаумен бірдей.

Қанат Нұров: Бұл пікірмен келісемін. Бірақ реттеу мен басқару қызметтерін бір-бірінен ажырата білу керек. Мемлекет компанияның акцияларына иелік етпесе де, оның қызметін реттей алады. Ол үшін міндетті түрде компанияның иесі болу шарт емес. Ал бізде мемлекет бір мезгілде әрі меншік иесі, әрі реттеуші, әрі іс жүзінде басқарушы болып отыр.

Мұның соңы мүдделер қақтығысына әкеледі. Бір жағынан, компаниядан пайда табуды талап етеді. Екінші жағынан, тарифтерді ұстап тұру, әлеуметтік міндеттерді орындау, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жүктеледі. Осындай жағдайда оның тиімділігін қалай бағалауға болады?

Егер біз шынымен Сингапурдың Temasek үлгісіне жақындағымыз келсе, «Самұрық-Қазына» портфельдік инвесторға айналуы керек деп есептеймін. Бірақ қазір қор іс жүзінде стратегиялық инвестордың рөлін атқарып, компаниялардың басқару жұмысына араласады.

ТӘУЕЛСІЗ ДИРЕКТОР КІМГЕ ТӘУЕЛДІ?

Енді тәуелсіз директорлар мәселесіне келейік. Олар қаншалықты тәуелсіз?

Данияр Темірбаев: Біздің қауымдастықта мынадай әзіл бар: «Қазақстанда тәуелсіз директор болу үшін кімге тәуелді болу керек?». Осы әзілге күлуді қойған кезімізде ғана корпоративтік басқаруда шын мәнінде өзгеріс болғанын түсінеміз.

Бүгінде квазимемлекеттік компанияларда, әсіресе жария компанияларда тәуелсіз директорларды іріктеу көбіне жабық түрде өтеді. Біз олардың кім екенін, қандай кәсіби тәжірибесі барын және не себепті дәл сол адамдардың таңдалғанын білмейміз. Ең бастысы, миноритарлық акционерлер оларды сайлау процесіне іс жүзінде қатыспайды.

Біз Minority Election тетігін енгізуді ұсындық. Оның мәні – кем дегенде бір тәуелсіз директорды тек миноритарлық акционерлердің дауысымен сайлау. Мұндай тәжірибе, мысалы, Үндістанда бар. Осы тетікті біздің заңнамаға да енгізе аламыз деп үміттенеміз.

Қанат Нұров: Мен көптен бері қарапайым ұсыныс айтып жүрмін: компания акцияларының кем дегенде 1 пайызын нарыққа шығарып, сатыңыздар. Сонда миноритарлық акционерлер пайда болып, тәуелсіз директорларды сайлап, қызметінен босата алады. Ал қазір оларды негізгі акционерлер тағайындап, қызметінен алады. Сонда бұлар қалай тәуелсіз болмақ?

Корпоративтік басқару дегеніміз, ең алдымен, акционерлердің менеджментті бақылау тетігі. Оның мақсаты – менеджерлердің өздеріне сеніп тапсырылған мүлікті өз меншігіндей пайдалануына жол бермеу.

Данияр Темірбаев: Тағы бір маңызды мәселе бар. Директорлар кеңесінің мүшесі өзін тағайындаған шенеуніктің емес, компанияның мүддесіне сай әрекет етуге тиіс. Temasek тәжірибесіне қараңыздар. Директорды мемлекет тағайындаған күннің өзінде, ол компанияның мүддесін басшылыққа алуы керек. Егер Сингапур үкіметінің мүддесі Temasek мүддесімен сәйкес келмесе, директор Temasek мүддесін қорғауға міндетті. Корпоративтік басқару дегеніміз – осы.

Қанат Нұров: Ал меніңше, ең бастысы – заңнама және оның іс жүзінде орындалуы. Қазір директорлар кеңесінің мүшесі белгілі бір сатып алуды іс жүзінде өзі басқарып, шешім қабылдай алады. Бірақ құжатқа қол қоятын менеджер жауапкершілік арқалайды. Яғни шешімді бір адам қабылдайды, екінші адам қол қояды, ал оның салдары үшін сол қол қойған адам жауап береді.

Акционерлердің жалпы жиналысы, директорлар кеңесі және атқарушы органның өкілеттіктерін нақты ажырату керек. Сонда директорлар кеңесінің мүшесі операциялық қызметке араласуға тырысса, менеджер оған қарсылық білдіре алады. Ол үшін батыр болудың қажеті жоқ. Тек ережелер жұмыс істеуі керек.

ЕҢ ҚАТЕ ШЕШІМ – КОМПАНИЯЛАРДЫ МИНИСТРЛІКТЕРГЕ БЕРУ

Президент «Самұрық-Қазынаны» реформалау мүмкін болмаса, қор өз жұмысын тоқтатуы мүмкін екенін бұған дейін ескерткен еді. Мүмкін, оны тарататын уақыт келген шығар?

Данияр Темірбаев: Қазір қоғамдағы резонансты пайдаланып, жағдайды одан әрі ушықтыратын шешімдер қабылданып кете ме деп қауіптенемін. Ең қате шешім – мемлекеттік акциялар пакеттерін салалық министрліктерге беру. Ондай жағдайда, шартты түрде айтсақ, «ҚазТрансОйл» мұнай құбырларын салу жөніндегі дирекцияға, ал ҚТЖ Көлік министрлігіне қарасты құрылымға айналады. Сөйтіп, біз қайтадан әкімшілік-әміршіл жүйеге ораламыз.

Акционерлік қоғамдардағы корпоративтік басқару қаншалықты нашар жұмыс істесе де, олардың бәрібір пайда табу, тиімділікті арттыру деген мақсаты бар. Ал министрліктің басты міндеті қандай? Бюджетті игеру. Бөлінген ақшаны дұрыс жұмсау маңызды. Сондықтан ұлттық компанияларды министрліктерге беру – ойға келетін ең нашар шешім.

Ал ең оңтайлы жолы қандай?

Данияр Темірбаев: «Самұрық-Қазынаның» Temasek үлгісінде құрылғанын еске түсіру керек. Сингапурдағы мемлекет пен компаниялардың қарым-қатынасы қалай қалыптасқанын, менеджменттің дербестігі қалай қамтамасыз етілгенін зерделеу қажет.

Бізде ұлттық компания басшысы көбіне өзін кімнің тағайындағанына тәуелді. Мұндай тәуелділік сақталғанша, кәсібилік пен адалдық туралы қанша айтсақ та, жағдай түбегейлі өзгермейді. Компанияны басқаратын адам шын мәнінде тәуелсіз, мемлекет сенім артатын және үнемі қысым көрмей-ақ шешім қабылдай алатын тұлға болуы керек.

Қанат Нұров: Ал меніңше, біз басшылардың жеке қасиеттері туралы тым көп айтамыз. Адал, парасатты, кәсіби маман болғаны жақсы. Бірақ жүйенің өзі дұрыс құрылмаса, мұның бәрінен пайда жоқ.

«Самұрық-Қазынаны» тарату мәселесіне келсек, мұны жүзеге асыру оңай болмайды. Қор құрылғаннан бері шаруашылық және жүйелік байланыстардың орасан зор желісі қалыптасты. Активтерді кімге беру керек, міндеттемелерді кім мойнына алады, мемлекет өз міндеттерін қалай орындайды деген мәселелерді шешу қажет. Өйткені қор тек активтерді басқарумен ғана айналыспайды, мемлекеттік бағдарламаларды да жүзеге асырады. Мысалы, «Жайлы мектеп» жобасын алайық. Сондықтан бұл өте күрделі мәселе.

Дегенмен мен басқа нәрседен бастауды ұсынар едім. Қордың орталық аппаратының тиімділігін бағалау керек. Қазір біз «Самұрық-Қазынаның» жұмысын шоғырландырылған қаржылық есептілігіне қарап бағалаймыз. Мәселен, әлемдік нарықта мұнай бағасы өсіп, мұнай компанияларының табысы артса, бүкіл қор табысты жұмыс істеп жатқандай көрінеді. Ал мемлекет бағаны ұстап тұруды тапсырса, көрсеткіштер төмендеп, қор бірден тиімсіз құрылымға айналады. Сондықтан орталық аппараттың өзі қанша кіріс әкелетінін, оны ұстауға қанша қаражат жұмсалатынын және оның нақты қандай пайдасы бар екенін бөлек көрсету қажет. Сонда оның қазіргі қалпында қажет-қажет еместігін нақты талқылай аламыз.

НЕГЕ ЕШКІМ ОРНЫНАН ҚОЗҒАЛҒАН ЖОҚ?

ҚТЖ-ның директорлар кеңесінің төрағалығына Александер Андреас Ширхубер келді. Ол кім? Ұлттық компанияның директорлар кеңесін неге дәл осы адам басқарады?

Данияр Темірбаев: ҚТЖ директорлар кеңесінің құрамына қарасаңыз, шынымен де сұрақ көп. Оның кейбір мүшелерінің кәсіби тәжірибесі туралы іс жүзінде ештеңе білмейміз. Ақпарат жеткіліксіз болғандықтан, бұл адамдардың мұндай лауазымға не себепті тағайындалғанын түсіну қиын. Меніңше, квазимемлекеттік компаниялардағы корпоративтік басқару талаптары жария компаниялардағы стандарттармен бірдей болуы керек.

Қанат Нұров: Шынтуайтына келсек, осы директорлар кеңестерінің бәрі көзбояушылық үшін ғана құрылған. Бізде жоғарыдан төменге дейін тұтас атқарушы билік сатысы қалыптасқан. Шешімдердің бәрін іс жүзінде сол жүйе қабылдайды.

Бірақ біз тек мәселені талқылап қана қоймай, оны шешу жолдарын да қарастыруымыз керек қой. Қазір Президент әкімшілігінде де, Үкіметте де экономикалық блок бар. Сіздерді шақырып, ұсыныстарыңызға тыңдады ма?

Қанат Нұров: Біз кәсіби қауымдастық атынан хаттар жолдап, корпоративтік басқару жүйесіне өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныстар жасадық. 20 қарашада корпоративтік басқару форумы өтеді. Сол жерде де бұл мәселелерді қайта көтеруге тырысамын.

Бір қызығы, бәрі бізбен келіседі. Ешкім қарсы шықпайды, ешкім уәж айта алмайды. Бәрі «Иә, дұрыс айтасыздар» дейді. Бірақ одан кейін ештеңе өзгермейді.

Данияр Темірбаев: Ал бізді, миноритарлық акционерлердің өкілдерін, мұндай форумдарға тіпті шақырмайды. Миноритарлық акционерлерсіз шынайы корпоративтік басқару болмайтынына қарамастан, осылай болып отыр.

ҚТЖ АКЦИЯЛАРЫ IPO-ҒА ШЫҒАРЫЛА МА?

Енді ҚТЖ акцияларын IPO-ға шығару мәселесі де күмән тудыруы мүмкін бе?

Данияр Темірбаев: Меніңше, бұл мәселе белгісіз мерзімге кейінге шегеріледі. IPO өткізу үшін директорлар кеңесі деңгейінде тиісті корпоративтік шешімдер қабылдануы керек. Осындай сыбайлас жемқорлық дауына байланысты инвесторлардың компания тәуекелдеріне деген көзқарасы өзгеретіні анық. Қазір ҚТЖ үшін стратегиялық инвестор іздеу әлдеқайда өзекті деп ойлаймын.

Ол тек қаржы құйып қана қоймай, технология әкеліп, теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға көмектесуі керек. Мен Қытаймен ынтымақтастық орнатуды перспективалы бағыт деп санаймын. Қытайдың Қазақстан арқылы өтетін құрлықтағы транзиттік бағыттарға қызығушылығы өте жоғары. Біз Қытай стандартына сай теміржол желілерін салу мүмкіндігін қарастыра аламыз. Бұл еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік берер еді. Бейнелеп айтқанда, IPO – үйлену тойы сияқты. Бірақ алдымен қалыңдықтың сәнін келтіріп, әлеуетті күйеу жігіттерге тартымды етіп көрсету керек. Сонда ғана олар компанияның акцияларын сатып алуға қызығушылық танытады. Сондықтан ҚТЖ үшін IPO маңызды болғанымен, оны сәл кейінге қалдырған дұрыс деп есептеймін.

Қанат Нұров: Ал мен ҚТЖ-ның қор биржасына шығуы өте пайдалы болар еді деп санаймын. Сонда компанияның нақты экономикалық жағдайын, қаржылық ахуалын, активтері мен міндеттемелерінің құнын көре алар едік. Ашықтыққа мүдделі сыртқы акционерлер пайда болар еді. Бірақ сатылымға акциялардың қомақты бөлігі шығарылса деймін. Әйтпесе айтарлықтай нәтиже болмайды.

ИНВЕСТОРЛАР ҮШІН ЕҢ ҚАУІПТІСІ НЕ?

Соңғы оқиғалар инвестициялық ахуалға қаншалықты кері әсер етті? Кейбіреулер, керісінше, мұндай жағдайлар Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күресте батыл қадамдарға барып жатқанын көрсетеді дегенді алға тартады.

Қанат Нұров: Осындай тұтқындаулар инвестициялық ахуалды жақсартады дейтіндермен келіспеймін. Бірақ олардың әсерін де асыра бағалаудың қажеті жоқ. Біздің инвестициялық ахуалымыз бұдан әлдеқайда күрделі мәселелерге тәуелді. Олар – заңнаманың құбылмалылығы, заң талаптарының әркелкі қолданылуы және сот тәжірибесінің бірізді болмауы. Инвестор ертең қандай ережелер күшінде болатынын білуі керек.

Мәселен, мен депутаттардың заң шығару бастамалары да реттеушілік әсерге талдаудан өтуі керек деген мәселені көптен бері көтеріп келемін. Үкімет ұсынған бастамалар мұндай бағалаудан өтеді де, депутаттардың бастамаларына неге бұл талап қолданылмайды?

Тағы бір мәселе – шенеуніктердің заңсыз шешімдері үшін жауапкершілігі. Мысалы, кәсіпкер әкімшілік сотта жеңіске жетті делік. Сот мемлекеттік органның оның құқығын бұзғанын мойындады. Одан кейін не болады? Бұл заңбұзушылық үшін нақты кім жауап береді? Егер мемлекет келтірілген шығынды өтесе, неге кінәлі лауазымды тұлғадан сол қаражатты өндіріп алу мәселесі көтерілмейді? Инвестициялық ахуалға бір ғана сыбайлас жемқорлық дауына қарағанда осындай мәселелер әлдеқайда қатты әсер етеді.

МЕМЛЕКЕТ  БИЗНЕСПЕН БӘСЕКЕЛЕСПЕУІ КЕРЕК

Данияр Темірбаев: Тағы бір мәселеге назар аударғым келеді. Біз президенттің 2024 жылғы 8 мамырдағы экономиканы ырықтандыру туралы жарлығын ұмытып кеткендейміз. Ол инвесторларға өте маңызды белгі берді: мемлекет экономикадағы үлесін азайтады, бәсекелестікті дамытады, жекешелендіру жүргізеді. Бірақ оның нәтижесі қайда? Біз әлі де жаңа квазимемлекеттік құрылымдар құрып, мемлекеттің экономикадағы үлесін ұлғайтып келеміз. Ал шын мәнінде, кері бағытта жүруіміз керек.

Қанат Нұров: Мен де осы жарлықты үнемі еске салып жүремін. Өйткені оның толық орындалмай жатқанын көріп отырмын. Бірақ мұндай өзгерістердің сырт көзге көрінгеннен әлдеқайда күрделі екенін түсінуіміз керек. Негізінде, әңгіме бүкіл экономикалық жүйені қайта құру туралы болып отыр.

Мен бұл жарлыққа бір маңызды норма қосуды ұсынар едім: мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға жеке кәсіпкерлік жұмыс істеп тұрған салаларда онымен бәсекелесуге тыйым салу керек.

Мынадай жағдайды елестетіп көріңіз: кәсіпкер зауыт салып, өз қаражатын салып, жұмысын бастады. Ал оның жанынан мемлекеттік құрылым бюджет қаржысына дәл сондай зауыт салады. Мұндай жағдайда жеке кәсіпкер онымен қалай бәсекелеспек? Сондықтан кәсіпкерлікті шынымен дамытқымыз келсе, мемлекет бизнес өз бетінше жұмыс істей алатын салалардан кетуі керек.

БІР КӨЗДЕН САТЫП АЛУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ ҚАНДАЙ?

Президент Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сатып алудың қомақты бөлігі бір көзден жүргізілетінін айтты. Осындай жағдайда қазақстандық қарапайым компаниялар ұлттық компаниялардың тендерлеріне қалай қатыса алады?

Қанат Нұров: Бұл күрделі мәселе. Мұнда екі түйткіл бар. Біріншісі – кәсіпкер тендерге өзгелермен тең жағдайда қатыса алмайды. Екіншісі – тендерге қатысып, жеңіп, келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындағанымен, ақшасын ала алмайды.

Бір көзден сатып алуға келсек, көрсеткіштер шынымен де өте жоғары. Қателеспесем, оның үлесі 14 пайыздан 60 пайызға дейін өскен. Бірақ бір көзден сатып алудың өзі әрдайым жаман деген сөз емес. Қалыпты коммерциялық қызметте жеткізушілермен ұзақ мерзімді әріптестік орнату бір конкурсты жыл сайын қайта өткізе бергеннен әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. Кейде компания үшін сенімді серіктестің болуы және жеткізу тізбегінің тұрақтылығы әлдеқайда маңызды. Мәселе шешімді кімнің қабылдайтынында және оның негізділігін кім бақылайтынында. Меніңше, сатып алу – компанияның күнделікті операциялық қызметінің бір бөлігі. Сондықтан ол жеткізушіні өз бетінше таңдап, қолайлы баға белгілеуге құқылы болуы керек. Ал директорлар кеңесі мен акционерлер менеджменттен неліктен дәл осындай шешім қабылданғанын сұрай алады.

Данияр Темірбаев: Келісемін. Егер корпоративтік басқаруға қатысты сұрақтар болмаса, сатып алу мәселесіне де көпшілік күмән келтірмес еді. Компанияның күнделікті жұмысына ешкім араласпауы керек. Бірақ мұндай шешімдерге сенім болуы үшін компанияны кім басқаратынын, директорлар кеңесіне неліктен дәл осы адамдар кіргенін, олардың қаншалықты кәсіби әрі тәуелсіз екенін білуіміз қажет.

Егер қоғам корпоративтік басқарудың сапасына сенімді болса, компанияның неліктен дәл осы бұрғылау қондырғысын сатып алғанын немесе нақты бір жеткізушімен келісімшарт жасағанын сұрап отырмас еді.

ЗАҢ АЛДЫНДА БӘРІ ТЕҢ БОЛУЫ ТИІС

Президент соңғы сөзінде адамдарды өз адамымыз және бөтен адам деп бөлуге болмайтынын ерекше атап өтті. Бұл мәлімдемені қалай қабылдадыңыздар?

Қанат Нұров: Мен бұл ұстанымды толығымен қолдаймын. Мұнымен келіспеуге еш негіз жоқ.

Данияр Темірбаев: Президенттің соңғы сөзінде бірнеше маңызды тұсқа назар аудардым. Бұл маған Сингапурдағы Ли Куан Ю жүргізген саясатты еске салды. Ол өте принципшіл адам болған және өз айналасындағы адамдарға да ешқандай жеңілдік жасамаған. Сыбайлас жемқорлыққа қатысы барлардың бәрі жауапқа тартылған. Сондықтан біз де Сингапурдың жолымен жүрсек екен деп тілеймін. Бұл елдің экономика құрудағы тәжірибесі қызық: демократиядан гөрі авторитарлық басқару басым, есесіне жүйесі тиімді.

Меніңше, бүгін сіздер Үкіметке арналған өзіндік бір нұсқаулық боларлық өте маңызды ұсыныстар айттыңыздар. Енді сол ұсыныстарды іске асыратын кез келді. Президент заң мен тәртіпке бәрі бірдей бағынуы тиіс деді. Бұл басқарушыларға да, топ-менеджерлерге де, министрлер мен депутаттарға да, жалпы бәріне қатысты.

Қанат Нұров: Сіздің қол сұқпау және тиіспеу ұғымдарының аражігін жақсы ажырататыныңыз қуантады. Қол сұғылмайтындар – өзіміз тиіскіміз келмейтін адамдар, ал тиісуге болмайтын адамдар – заң бойынша қол сұғылмаушылық құқығы бар тұлғалар.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia-ның YouTube арнасынан көре аласыздар.

 

Сізге қызық болуы мүмкін