Маңғыстау облысындағы Жетібай кентінің тұрғындарының ереуілі тоқтаған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Азаттықтың жазуынша, олар президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа үндеу жасаған. Жұмыс сұраған жетібайлықтар наразылықтары үшін өздерін қудаламауды талап етіп отыр.
“2023 жылдың қаңтар соңынан бастап Жетібай халқы жұмыс сұрап, талап қойып келеді. Алайда мәселеміз толығымен шешілмей тұр. Осылайша жұмыссыздық мәселесімен бейбіт ереуілде тұрғанымызға бүгін екінші күн болады. Қойған талабымыз әлі күнге дейін шешімін таппады. Яғни, қойылатын бір ғана талап – “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ және соған қарасты мердігерлік мекемелерден бөлінетін 100% жұмыс орындарының 70 пайызы Қарақия ауданы Жетібай әкімшілігіне тікелей келіп түсуін талап етеміз” – делінген үндеуде.
Еске салайық, 27 наурызда Маңғыстау облысындағы Жетібай кентінің жұмыссыз тұрғындары "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы игеріп жатқан кенішке баратын жолды жауып тастаған.