«Біз фабрикаға қарсымыз»: Маралды тұрғындары үйлерінің сыртына жаппай плакат ілді

Ulysmedia

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғындары алтын фабрикасына наразылық ретінде үйлерінің аулаларына жаппай плакат ілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

Маралды мен Үшбұлақ ауылының тұрғындары тау-тасты қазып, алтын іздеп тіміскілеген олигархтармен алысып жүргенін бұған дейін жазған едік. Олардың ел президентіне жазған хаты порталымызда жарияланған. Маралдылықтар мен үшбұлақтықтарға ауылдың бұрынғы тұрғындары да үн қосып, мәселенің шешілер жолы көрінбей, наразылық өршіп барады.

Таяуда Маралдыда осы мәселе бойынша өндіруші компаниялар мен Күршім ауданы әкімінің халықпен кездесуі өткен. Олар "тұрғындар талабын жазып алуға келдік" деп, сұрақтарға жауап бермеген.

Күршім ауданының әкімі мәселені реттеу қолынан келмейтінін айтып, «құрылысқа бейтарап» қараймын деген. Енді ауыл тұрғындары әкімдік қаулысы мен компанияның үстінен сотқа арыз түсіргелі жатыр.

Еске салайық, 19 наурызда өткен Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы кезінде Маралды ауылының тұрғындары мен сол ауылдан шыққан азаматтар сайлау бюллетеніне өздерін мазалаған мәселені жазып, наразылығын білдірген еді.