Абай облысында бюджет қаржысын желге ұшырмақ болған 3 әкім жауапқа тартылды

Ғалиасқар Думан

Абай облысында 17 млрд-тан астам сомаға 304 мемлекеттік сатып алу бойынша заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бас прокуратура мәліметінше, оның ішінде 12,7 млрд. теңгеге астам сомаға 55 заңсыз сатып алуға жол берілмеген. Әкімшілік жауапкершілікке 10 тұлға, оның ішінде 1 аудандық маңызы бар қаланың әкімі, тәртіптік жауапкершілікке 27 тұлға, оның ішінде 2 кент әкімі және 2 аудандық бөлім басшысы тартылды.

“Ең жиі бұзушылықтар сатып алуды өткізудің тиісті емес тәсілімен, оларды міндетті болған кезде жобалық-сметалық құжаттамасыз жариялаумен, бәсекелестік ортаны болдырмайтын жоғары талаптар қоюмен байланысты.Сондай-ақ бюджетті тиімсіз жоспарлау фактілері анықталды. Мысалы, 440 млн. теңгеге жолдарды орташа жөндеуге конкурс жарияланған кезде техникалық ерекшелікте жол учаскесі көрсетілген, бұл бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның жөндеуі жоспарланған. Прокуратура актісі бойынша конкурс тоқтатылды, бөлінген 294 млн.теңге жолдың басқа мұқтаж учаскесін жөндеуге қайта бөлу жоспарлануда”, – делінген ведомство хабарламасында.

Тағы бір жағдайда көшені жарықтандыру жұмысы жоспарланған, алайда іс жүзінде мүлде жасалмаған. Бұл конкурс хабарландыру сатысында тоқтатылды, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.