Екі облыста елден заңсыз жанармай әкетушілер көбейді

Ғалиасқар Думан

10 сәуірден бастап Жамбыл және Түркістан облыстарында жанар-жағармайды елден әкетуге жол бермеу бойынша рейд жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

ІІМ мәліметінше, полиция қызметкерлері тиісті рұқсатсыз қосымша жанармай бактарын орнатып алған көліктерге баса назар аударады.

«Бұл құқықбұзушылық үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылады (Тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару). Іс-шараның үш күнінде осындай құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 57 жүргізуші жауапқа тартылды, 21 әкімшілік материал бойынша көлік құралдарын одан әрі пайдалануға тыйым салынды», - делінген мәліметте.

Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстан аумағынан жанар-жағармай өнімдерін заңсыз алып кетудің 288 фактісінің жолы кесілген.

Бұдан бұрын Түркістан облысында Өзбекстанға мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдағандар ұсталған.