Атырау облысында тағы да қамыс бықсып жатыр

Ғалиасқар Думан

Атырау облысында Каспий жағалауындағы 3 гектарда қамыс тағы да бықсып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото: fotokto.ru

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, бүгін, 14 сәуірде жергілікті уақытпен сағат 8:45-те қамыстың бықсып жатқаны анықталған.

«Атырау қаласында түтіннің иісі сезілді. Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы Атырау қаласына жақын орналасқан Дамбы ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы Каспий теңізінің жағалауына барлау жүргізді. Жедел топ теңіз жағалауына жеткен кезде қамыстың өртенбегенін анықтады. Алайда, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында шамамен 3 гектар аумақта қамыстың тамыры бықсып жатыр», - делінген ведомсвто хабарламасында.

Теңіз жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 18 қызметкер мен 3 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 15 адам, 3 техника, 2 мотопомпа жұмылдырылды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий жағалауында жанған қамыс түтіні Атырауды басып қалғанын хабарлаған едік.

Төтеншеліктер қамыс өртімен 5 күн арпалысты. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қамыс өрті 6 сәуірде сағат 21:30-да толық сөндірілген. «Қазақстан ғарыш сапары» космомониторингінің қорытындысына сәйкес, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өрттің жалпы ауданы 1 200 гектар болды.