Қазақстанның кей қалаларында кәріз-тазарту нысандарының тозу деңгейі 90%-дан асып кеткен

Ғалиасқар Думан

Еліміз бойынша кәріз-тазарту нысандарының тозу деңгейі 60%-дан асады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

caspianlife.kz

Ведомство мәліметінше, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің өкілдері кәріз-тазарту нысандарының техникалық жағдайы мен құрылыс барысына мониторинг жүргізу мақсатында Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Ұлытау облыстарына барып қайтқан.

«Кәріз-тазарту құрылымдарының техникалық ахуалы мен салынып жатқан нысандарға бақылау жүргізу мақсатында біздің комитеттің қызметкерлері өңірлерге жұмыс сапарымен барып келді. Жасыратыны жоқ, ірі қалалардағы кәріз жүйелері 50-70 жылдары салынғандықтан бүгінде әбден ескірген», - деді ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин.

Бұл жұмыс сапарлары кәріз-тазарту қондырғыларының қазіргі жағдайына және жобалау жұмыстарына кедергі келтіретін мәселелерді анықтауға бағытталғанын айта кетейік.

Айталық, Қарағанды облысына жасалған жұмыс сапарында ведомство өкілдері қажетті шаралар ретінде қаржыландыру тетігі арқылы КТЖ жобаларын іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға кеңес берді. Сондай-ақ барлық мүдделі тараптың қатысуымен аталған жүйелерді жаңартуға қатысты кеңес өткізілді. Ал Шахтинск және Саран қалаларындағы ахуалға келсек, бұл елді мекендерде жоғарыда аталған инфрақұрылымның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу қажет.

Тұтастай алғанда, еліміз бойынша кәріз-тазарту нысандарының тозу деңгейі 60%-дан асады. Ал кейбір қалаларда бұл көрсеткіш 90%-дан жоғары. Министрлік 2028 жылға дейін республикадағы 68 қалада КТЖ салып, жаңғырту жоспарланып отырғанын жеткізді.