Оралда төтенше жағдай жарияланды

Ғалиасқар Думан

Орал қаласында техногендік сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің мәлім етті.

Оның сөзінше, төтенше жағдай енгізуге Зачаган кентінде М.Мөңкеұлы шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің үштен бір бөлігінің қысқа дайын болмау қаупі себеп болған. Аталмыш шағынауданда үш бу қазандығы болса, соның біреуі – №3 қазандық апатты деп танылып отыр. Бұл қазандық 18 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Онда 3 мыңнан астам адам тұрады.

«Осы жұмыстарды жүргізу кезінде аталған көпқабатты тұрғын үйлерде ыстық су беру уақытша тоқтатылады. Сметалық құжаттама жасалып, барлық шығындар есептеледі. Жуырда мердігер мекеме анықталады. Төтенше жағдай жариялануына байланысты келісімшарт бір көзден жасалады. Жылу жүйелерімен айналысатын, коммуналдық бағытта жұмыс атқаратын үш-төрт әлеуетті мекемемен келіссөз жүргізілуде. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін жұмысты 15 қыркүйекке дейін бітіру көзделуде. Шамамен бұл мақсатқа резервтік қордан 500-600 млн-дай қаржы бөлінеді. Қаражат көлемі өзгеруі мүмкін», деді Ж.Дүйсенғалиев.