"Әлі күнге дейін ауыз суға зар": депутат ауылдардың артта қалу себебін айтты

Ғалиасқар Думан

Меморгандардың арасында үйлестірілген іс-қимылдың жоқтығынан ауылдар дамымайды. Бұл туралы депутат Нұртай Сабильянов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Оның сөзінше, өңірлік стандарттар жүйесінің кемшілігі – орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында үйлестірілген іс-қимылдың болмауы.

«Негізгі салалар бойынша уәкілетті органдар жұмыс атқарылды деп есеп береді, одан кейінгі жұмысы жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде деп жауап береді», - дейді ол.

Депутаттың сөзінше, бүгінгі таңда ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жағдайы өзекті күйінде қалып отыр.

«Нысанға қабылдау актісі берілгенмен, бірақ іс жүзінде тұрғындар таза ауызсуға қол жеткізе алмай отырған жағдайлар да кездеседі. Мысалы, Үржар ауданының Мақаншы ауылын ауызсумен қамтамасыз етуге ақша бөлініп, игерілді. Алайда, ауыл тұрғындары әлі күнге дейін таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Айта берсек, елімізде мұндай мысал өте көп», - дейді депутат.