СҚО-да жүздеген жетім балаға уәде етілген баспана неге берілмеді – әкімнің жауабы

Ғалиасқар Думан

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлда жүздеген жетім балаларға уәде етілген баспана неге берілмегенін түсіндіруге тырысты, деп  хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін БАҚ Петропавлда тұрғын үй алуға кезекте "жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар"санатынан барлығы 1 774 адам тұрғанын хабарлаған болатын. Олардың барлығы 10 жылдан астам уақыт бойы пәтер кілтін күткендер.

2022 жылы билік Петропавлда олар үшін 120 пәтер бөлуге уәде берді, алайда уәде орындалмады. Бұл тақырып әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, өңір басшылығын сынға алғандар көп болды.

СҚО әкімі түсіндіргендей, мердігерлер өткен жылы салынған үйлерде инженерлік желілерді жүргізіп үлгермеген. Осыған байланысты кезекте тұрғандарға баспана берілмеді.

"Өткен жылы инженерлік желілер уақытында жасалмады, салдарынан тұрғын үй пайдалануға берілмеді. Биыл, егер біз осы 16 үйді аяқтасақ, 120-140 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Онда 20%, заң бойынша біз бұл мәселелерді шештік", –  деді Сапаров.

Шенеунік биыл жетім балаларды қоныстандыруға уәде берді. Ulysmedia.kz әкімнің өз уәдесінде тұруын қадағалайтын болады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Талдықорғанда шенеуніктер мұқтаж отбасыларға арналған пәтерлерді бөліске салған еді.