Солтүстік Қазақстанда өндіріс үшін 48 гектар орман оталмақ

Ulysmedia

Қазақстанның солтүстігінде әлемдегі ең ірі қалайы кен орны орналасқан. Биліктегілердің пікірінше, осы учаскені игеру Солтүстік Қазақстан облысына қуатты экономикалық күш береді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: pkzsk.info

Кеңес үкіметі кезінде ашылған кен орнына қазір қомақты инвестициялар құйылып жатыр. Қыркүйекте СҚО Айыртау ауданы «Сырымбет» алаңында кен игерумен айналысатын TIN ONE MINING ЖШС акцияларының 25% ың-шыңсыз 14 миллиард теңгеге сатылып кеткен. Осылайша, жоба жалпы кемінде 56 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Қазір жұмысты жалғастыру үшін компанияға алаңды 48 гектарға кеңейту керек. Ал бұл аумақта орман жайқалып тұр, дейді Петропавловск.news.

Үкімет сайттары мен ашық нормативтік құқықтық актілерде құжат жарияланды. Оған сәйкес, TIN ONE MINING ЖШС-ке әлемдегі ең ірі қалайы кен орнын одан әрі игеру үшін 48 гектар орман беріледі.

«Жоба қаулысымен жалпы аумағы 48,5 гектар жер учаскесін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Орлиногорск орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі орман қоры жерлері санатынан өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жерлер және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлер санатына ауыстыру қарастырылған», - делінген Қазақстан үкіметінің сайтында.

Құжатта «орман қоры жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру мақсаты Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы «Сырымбет» кен орнында минералды шикізат өндіру мен қайта өңдеу үшін жер учаскелерін беру мақсаттарынан туындап отыр» деп көрсетілген.