"Билік өкілдерінен ешкім келген жоқ": "Қазақмыс" кеншілері ереуіл жайлы

Аян Өрібай

«Қазақмыс» корпорациясының ереуілге шыққан 100-ден астам кеншісі талаптарын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Қазақмыс кеншілерінің бәрі түннен бері ереуілде тұр. Қазақмыс басшылығы алдымызға шыққан. Билік өкілдерінен ешкім келген жоқ», - дейді ереуілшілердің бірі.

Кеншілер талабын қағазға жазып, компания басшылығына тапсырған.

Нақтырақ айтқанда олар 15 талап қойып отыр:

  • жұмыс уақыты автобусқа отырғаннан басталуы керек;
  • еңбек демалысына шыққан кезде еңбек демалысы үшін берілетін төлемнен бөлек бір айлық берілуі тиіс
  • еңбек қабілеттілігін жоғалту пайызы 29-дан 50% көтеру керек
  • үстемақының бәрі айлыққа қоса берілуі керек
  • еңбек келісімшартына учаске бастығының орынбасарлары мен учаскелердің механиктерін қосу керек, еңбек жағдайының зиянды және ауыр жағдайлары қосылуы керек
  • «карипандардың» жүргізушілері мен «таркет» жұмысшылары кенжар топқа қосылсын
  • технологиялық ауысымдардың разрядтары теңестірілуі керек
  • ерікті «Архимедус» медициналық сақтандыру шарттары қайта қаралып, стоматологиялық қызметтер үшін берілетін төлем мен медикаменттер үшін берілетін төлемді 50 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін арттыру керек
  • жұмысшыларды қабылдау басталсын
  • Кеншілер күні әр кеншіге 100 мың теңгеден берілсін (Кеншілер күнін атап өту тоқтатылсын)
  • корпорация жұмысшыларының (кеншілердің және т.б) еңбек өтілінің бір жылын бір жарым жылға арттыру
  • КМС-та жұмысшылардың жетіспеуіне байланысты КМС-қа не себепті жұмысшылар қабылданбай жатқаны түсіндірілсін
  • ескі тау-кен құрылғылары жаңасына, кондиционерлер қосалқысымен бірге ауыстырылсын
  • өндірісте қаза болған Е.Ербосыновтың ұлы жұмысқа қабылдансын
  • РМСУ жұмысшыларының еңбек демалысы 48 күннен 54 күнге ұзартылсын

Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазақмыс» ЖШС Ұлытау облысындағы кеншілер наразалығына қатысты түсініктеме берген болатын.