"Халықтың келісімінсіз салғалы отыр": балқаштықтар жаңа полигон құрылысына қарсы шықты

Ғалиасқар Думан

Балқаш қаласының тұрғындары жаңа полигонның салынуына наразылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, жаңа полигон салу жоспарлануда. Ауданы 20 гектар жер учаскесі қаладан 7 шақырым қашықтықта орналасқан Қоңырат шағынауданының тұрғын алабының солтүстік-шығыс жағынан бөлінеді деп болжанып отыр.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, полигонның құрылысы Қоңырат шағын ауданы тұрғындарының келісімінсіз басталған. Тұрғын алабы жақында қалаға қосылды және тұрғындарда мал жайылымы жоқ. Олар сондай-ақ ықтимал экологиялық мәселелерге алаңдаушылық білдіреді.

Бұған жауап ретінде мемлекеттік органдар қазіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша экология департаментіне жаңа полигон салуға қатысты құжаттар түспегенін хабарлады.

Олар сондай-ақ Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес осындай жобаларға рұқсат құжаттарын алу үшін қоғамдық тыңдаулар өткізілетінін, оның шеңберінде Балқаш қаласы тұрғындарының пікірлері ескерілетінін атап өтті.