«Бірде-бір дәретхана жоқ»: Көлсай көлдері жағасында бей-берекет құрылыс жүргізіліп жатыр

Аян Өрібай

Депутат Данияр Қасқарауов Көлсай көлдерінің мәселесін көтеріп, вице-премьер Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Алматы облысында Жетісудың жауһары, еліміздегі жеті кереметтің біріне баланған Көлсай көлдері бар. Депутаттың айтуынша, ұлттық парк аумағындағы ең шұрайлы жерлер кезінде жекенің қолына өтіп кеткен. Басында бұл жерлер ауыл шаруашылық мақсатқа, шабындық және жайылымға  деп берілген.

«Енді кәсіпкерлер қонақүй, бассейн, дәмхана салып жатыр. Мәлімет бойынша бірде-біреуінің құрылыс салуға рұқсат қағаздары жоқ. Жер мақсатсыз пайдаланылуда. Ал Ұлттық парк аумағында капиталды құрылыс жүргізуге болмайды деген ережені ешкім елемейді. Құзырлы орындар да оны тексеруге, шара қолдануға құлықсыз», - дейді ол.

Ресми мәлімет бойынша соңғы бір жарым жылда «Көлсай» көлдеріне жарты миллион турист келген. Көлдің айналасында бос жер жоқ.

«Айналаның бәріне шамамен үш жүздей киіз үй мен тамақтану шатырлары тігілген. Ешқайсысында дәретхана жоқ. Таулы аймақта кәріз жүйесі болмағандықтан шайынды сулар мен нәжіс жерге сіңіп жатыр. Септик, ассенизатор деген атымен жоқ. Осылайша тұмса табиғаттың экологиясы бұзылуда. Қала берді түтіні будақтаған көліктер көлдің басына дейін барады», - дейді ол.

Ал Алматыдағы Медеу мен Шымбұлақ шатқалдарына тек электромобильдердің кіруіне ғана рұқсат берілген. Екеуінің де Ұлттық парк деген мәртебесі бар. Сондықтан депутат Көлсайға да сондай шектеу енгізбесек, енді 5-6 жылда еліміздегі ең көрікті жерден айырылып қаламыз деп дабыл қағады.

«Біз сыртқа кеткен активтерді қайтарамыз деп жаңа заң қабылдадық.  Ел ішінде де кезінде қолды болған, арзан бағаға сатылған, заңсыз өзгенің иелігіне өткен осындай шұрайлы, ерекше қорғауды қажет ететін жерлер бар. Арнайы комиссия құрылып, соларға кешенді тексеру керек. Осы ретте жалғыз Көлсай ғана емес, барлық Ұлттық парк аумағындағы сатылған, ұзақ жылға жалға берілген барлық жердің заңдылығын тексеріп, мемлекет меншігіне қайтару қажет деп санаймын», - дейді ол.