Шығыс Қазақстан облысында мал ұрлығымен айналысқан барымташы құрықталды. Ол ұрланған жылқыны тірідей жеңіл көлік салонына сыйғызған, деп хабарлайды ulysmedia.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері мал ұрлығымен айналысқан Ұлан ауданының 31 жастағы тұрғынын анықтады. Ұры еркін мал жайылымынан ұрланған малды бірден өлтірмей, оны оңаша жерге алып кеткен. Содан кейін ғана оған сатып алушы іздеген. Ең қызығы, ол жануарларды тірі күйінде көлік салонынының артқы орындығына сыйғызып, оқиға орнынан әкетіп отырған.
Ол биылғы қыркүйектің басында кезекті ұрлық жасау барысында ұсталды. Патрульдік полиция күдіктіні көлік салонындағы тірі жылқымен бірге полиция бөліміне жеткізді. Біршама уақыттан кейін ұрланған жылқының иесі табылды. Ол оның жоғалғаны туралы мүлдем білмеген болып шықты.
Тергеу органы аталған азаматтың жылқы мен бұзаулар ұрлығына, оның ішінде өткен жылдары жасалған мал ұрлықтарына қатысы барын анықтады.
«Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ұрланған малды сатып алушылар анықталуда. Күдіктінің іс-әрекеті ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (мал ұрлығы) бойынша сараланады. Оның санкциясы бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жазаны көздейді», - деді ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.