Пәтердің орнына қағаз белгіше: Павлодарда апатты үйдің тағдыры қалай шешіледі

Ғалиасқар Думан

Павлодарда құлағалы тұрған тұрғын үйге байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы ТЖ режимін енгізу туралы шешім қабылданды. Ulysmedia.kz тілшісі не болғанын білу үшін тұрғындардың уәжіне құлақ түріп көрді.

Ulysmedia.kz

Павлодардың Центральная көшесіндегі көппәтерлі үй апатты жағдайда тұр. Жақында жауған жаңбырдан кейін қабырғалары қақырап, жабын плиталары бірнеше сантиметрге жылжып кеткен. Тұрғындардың айтуынша, тағы бір жаңбыр жауса, төрт қабатты ғимарат құлап, олар үйінділердің астында қалуы мүмкін.

Құтқарушылар қабырғаға қағаз жабыстырып қоюды ұсынған

Үйдің қабырғалары жарылған бір жарым ай ішінде мұнда әкімдік пен ТЖД өкілдері келген. Құтқарушылар пәтерлерді аралап, жарықтарға қағаз көрсеткіштер жабыстыруды ұсыныпты. Егер жұқа парақшалар жыртылса, бұл шынымен де жамандықтан хабар береді – қабырғалар алшақтай түсті деген сөз.

 - Бұл менің алғашқы жеке баспанам, ипотекаға ақша жинап, енді ғана көшіп келгенде, осындай төтенше жағдай болды. Енді мен айына 160 мың теңге төлеу үшін демалмай жұмыс істеуім керек, бірақ далада қалуым ғажап емес, - дейді қоныс тойын тойлағалы жатқан Арсан Нығманов.

Ол тамыздың басында жауған жаңбырдан кейін үйдің қабырғалары қалай қақырай бастағанын айтып берді.

- Қабырғалардың жарықтары бір-екі сантиметрден ұлғая берді. Құтқарушылардың кеңесі бойынша қағаз белгішелер жабыстырып қойдым – олар бірден жыртылды. Жарықтарды жабу үшін көбік құйдым – көмектеспеді,  жел уілдеп тұрады. Мына жарықтарға жұдырық сыйыа кетеді, - дейді Арсан Нығманов.

Тығырыққа тірелді

Павлодарлық журналистер осы уақыт ішінде жергілікті билік қандай шаралар қабылдайтынын анықтауға тырысқанымен, әкімдік жергілікті ауқымдағы ТЖ режимін жарияламақ болғаны туралы жалғыз ақпаратты әлі ешкім растаған жоқ.

- Кейбір шенеуніктер үйдің апатты емес екенін айтты, содан кейін кенеттен апатты деп жариялады. Мұның бәрі біртүрлі көрінеді. Әкім келіп, тыныштандырып, бекер алаңдамауды өтінді. Басқа жерге көшіреміз деді. Содан соң бәрі тынышталып қалды, - дейді үй тұрғындары.

Мәжіліс депутаттары Ирина Смирнова мен Гаухар Танашева да айтарға сөз таппай абдырады. Тұрғындар оларға көмек сұрап жүгінген. Елордадан келген қонақтар пәтерлерді аралап, фото мен видеода көргендерін тіркеп, бастамашыл топпен әкімдікке барды.

- Біз тұрғындарды көшіруге дайын болдық. Адамдарға мүмкіндік берілді. Бірақ тұрғындардың өкілдері ойланып шешім қабылдауға уақыт бөлуді сұрады. Қалай болғанда да ТЖ жарияланды, тұрғындарды басқа жерге көшіреміз, - деп түсіндірді қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева жергілікті биліктің ұстанымын.

Айта кетейік, әкімдік қауіпсіздік мақсатында ТЖ режимін өткен ғасырдың 90-жылдарының басында салынған тағы екі көрші үйге қолдану туралы шешім қабылдады. Қазір құлағалы тұрған үй сияқты олар да эксперименттік жоба бойынша салынған.

Светлана Гладышева ЖСҚ-ны құруға 9 айға жуық уақыт кететінін, апаттық көпқабатты үй бұзылған жағдайда да тендерлерді, ауа-райы жағдайларын, құрылыс материалдары бағасының өскенін ескере отырып, процесс бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін түсіндірді.

- Заң бойынша, егер тұрғын үйді жөндеу мүмкін болмаса және онда тұру қауіпті болса, мемлекет нарықтық құнына сәйкес ақша бөлуі немесе басқа тұрғын үй беруі керек – деді депутат Смирнова екі жақтың ұстанымдарын тыңдағаннан кейін.

Не істеу керек

Сарапшылардың пікірінше, алдымен төтенше жағдайдың себебін табу керек, жарықтардың пайда болуына не себеп болғанын анықтау керек – жерасты суларының деңгейінің көтерілуі, іргетастың шөгуі немесе басқа да сыртқы факторлар. Содан кейін ғана үй қалпына келтіріле ме, жоқ па – шешуге болады.

- Ғимараттың құрылымдық бөлігі прогрессивті деформацияға ұшыраған. Нысанға кәсіби техникалық тексеру жүргізілгеннен кейін ғана ғимаратты одан әрі қалпына келтіру, нығайту немесе бұзу жөнінде шешім қабылдауға болады, - деп түсіндірді сәулетші Назар Жұмабеков.

Ulysmedia.kz Павлодардағы жағдайдың әрі қарай қалай өрбитінін бақылауда ұстайтын болады.