Шымкент көшелері мен саябақтарын арнайы шаңсорғыш машиналар тазалайды

Otyrar

Шымкентте көшелерді, тротуарлар мен саябақтарды тазалауға арналған жаңа коммуналдық техника іске қосылды. Қаланың бес ауданына арнайы шаңсорғыш машиналар мен КамАЗ жүк көліктері берілді. Олар шаңды, түскен жапырақтар мен өзге де қоқысты жылдам жинауға көмектеседі. Бұған дейін бұл жұмыстың басым бөлігін коммуналдық қызметкерлер қолмен атқарған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Жаңа техникалар жолдар мен қоғамдық орындарды тазалауға арналған. Қыста көшелерге себілетін құм мен басқа да материалдарды жинауға да пайдаланылады, деп жазды Otyrar.

«әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің техникамен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Дінмұхамед Шаншархановтың айтуынша, бес ауданның әрқайсысына бес КамАЗ және бес шағын шаңсорғыш машинадан берілген. Коммуналдық қызметтерге барлығы 50 техника тапсырылды.

– Үлкен техниканы орталық көшелерде, ал шағын машиналарды тротуарлар мен саябақтарды тазалауға пайдаланамыз. Бұл машиналар ауқымды жұмысты атқара алады, – деді Шаншарханов.

Жаңа техникалар қайда жұмыс істейді?

Үлкен КамАЗдар кең көшелерді тазаласа, шағын шаңсорғыш машиналар ірі техника өте алмайтын жерлерге жіберіледі. Шағын әрі басқаруға ыңғайлы болғандықтан, олар тар тротуарларды, саябақ жолдарын және басқа да қоғамдық орындарды тазалай алады.

Сондай-ақ техниканы негізгі тазалау жұмыстарынан кейін көшелерді қосымша жинауға пайдалану жоспарланған.

Коммуналдық қызметтер жаңа машиналар қол еңбегін азайтып, қала аумағын тазалау жұмысын жылдамдатады деп үміттенеді. Ал саябақтар мен жаяу жүргіншілер аймақтарында жұмыс істегенде жүргізушілер өтіп бара жатқан адамдардың қауіпсіздігіне және ағаштар мен өзге де жасыл желектің бүтіндігіне мән беруі керек.

Сізге қызық болуы мүмкін