Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Қазақстанда Meta корпорациясының ресми өкілдігін ашуға күш салатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Журналистер бұл мәселені Құрылтай отырысында онлайн-платформалар туралы заң жобасын талқылау кезінде көтерді. Құжатқа сәйкес, ірі онлайн-платформалар Қазақстанда ресми өкілдігін тіркеуге міндеттеледі. Бұл мемлекеттік органдармен байланыс орнатып, олардың сауалдарына жедел жауап беруге мүмкіндік береді.
Журналистер Meta компаниясы жаңа талаптарды орындаудан бас тартса, билік қандай шара қолданатынын сұрады. Атап айтқанда, Instagram, Facebook және WhatsApp сервистерін бұғаттау мүмкіндігі сөз болды.
Арман Қырықбаев мұндай жағдайдың болуын екіталай деп есептейтінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан ірі технологиялық компаниялар үшін тартымды әрі төлем қабілеті жоғары нарық.
– Әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялар біздің заңнаманы елемейді деген күмән негізсіз деп ойлаймын. Әлемдегі жетекші компаниялар заңның не екенін жақсы біледі және оны сақтауға тырысады. Неліктен Қазақстан мен оның нарығы оларға қызық емес деп ойлайсыздар? Мысал ретінде нақты сандарды келтірейін: бұл платформалардың жыл сайынғы ең төменгі салық аударымдары бір миллиард теңгеден асады. Сондықтан Қазақстан – ірі компаниялар үшін тартымды әрі төлем қабілеті жоғары нарық, – деді министр.
Ол тиісті заң қабылданғаннан кейін мемлекет технологиялық корпорациялармен келіссөз жүргізуге дайын екенін де атап өтті.
– Егер кез келген онлайн-платформа Қазақстанда өкілдік ашуға міндетті екені заңда нақты жазылса, біз компаниялармен келіссөз жүргізуге дайынбыз. Бұған қол жеткізуге күш саламыз, – деп түйіндеді Арман Қырықбаев.
Контекст
Еске салайық, Арман Қырықбаев депутаттарға «Онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған еді. Құжат әлеуметтік желілерге, блогерлерге және бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа талаптар енгізуді көздейді.
Заң жобасын әзірлеу жұмыстары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 28 қаңтардағы тапсырмасынан кейін басталған. Сол кезде Мемлекет басшысы интернет-платформалардың деструктивті контент таратуға қатысты жауапкершілігін күшейтуді тапсырған еді.