Қазақстанда жаңа жоба бастаған кәсіпкерлер 3 жылға салықтардан босатылады

Аян Өрібай

Мұндай қажеттілікті бүгін премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Фото: Ашық дереккөзден

Үкімет несімен мақтанады

Смайыловтың айтуынша, елде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 36,5%-ке дейін өскен. Үкімет 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40%-ке дейін жеткізуді көздеп отыр.

Сын бәрібір айтылды

Десе де Смайлыов кейбір мәселелер шешілмей жатқанын айтады. Мәселен, әкімдіктер бизнестің базалық инфрақұрылымға қосып үлгермей, өсіп келе жатқан қажеттілігін игере алмай отыр. Өңірлер жоспарланған жобаларды уақытылы пайдалануға беру үшін инженерлік желілер мен коммуникацияларды жеделдетуі тиіс.

Смайылов не дейді 

Осыған байланысты үкімет тарапынан салық салудың сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. 

«Онда бизнеске қолдау көрсетуге көбірек назар аударылады. Ұлттық экономика министрлігі қосылған құн салығын қайтару мерзімін қысқарту үшін оны әкімшілендіру тәсілдерін қайта қарауы керек. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларға серпін беру үшін нормаларды пысықтауды жеделдетіп, кейбір салықтардан 3 жыл босата тұру қажет. Салықтардың санын 20%-ке, ал салық жөнінде есеп беру нысандарын 30%-ке қысқарту керек», – дейді премьер-министр.

Сонымен қатар, премьер-министр жүйе құраушы ірі кәсіпорындардың айналасында отандық кәсіпкерліктің жұмыс істеуі үшін жағдай жасалуы керектігін айтады. Жаңа өндірістерді локализациялауға және оларды ашуға ықпал ететін офтейк-келісімшарттарды белсендірек пайдалану ұсынылған. Өз кезегінде, офсеттік шарттарды қолдану технологиялар трансфертіне және қосымша инвестиция тартуға ықпал етеді. Өнеркәсіп министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге осындай ұзақ мерзімді шарттар жасауға қолдау көрсету шараларын пысықтауы қажет.

«Кәсіпкерлерде қарсы міндеттеме алуы керек. Ең алдымен, бизнес әлеуметтік тұрғыдағы жауапкершілікті көтеруі тиіс. Сонымен бірге еңбек өнімділігін арттыру, өңдеуді тереңдету, экспортты ұлғайту жұмыстарын жалғастыру қажет», - дейді Смайылов.