Google-ға салық: Қазақстан бюджетіне екі жылда қанша қаражат түсті

Аян Өрібай

Сенат Еуразиялық экономикалық одақ шартына сәйкес, электронды нысанда қызмет көрсету кезінде жанама салық алу тәртібін айқындайтын хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Тіркелген компаниялар артып келеді

Хаттаманы сенатта талқылау барысында депутат Әсем Рахметова хаттама бойынша баяндама жасаған сенатор Бекболат Орынбековке сұрақ қойды.

– Қазақстанда Google-ға салық енгізілген. Оған сәйкес, біздің елде тауары мен қызметтерін сатып жүрген шетелдік компаниялардың бәрі де (онлайн платформа) қосымша құн салығын төлейді. Сонымен қатар, хаттама сонымен бірге ЕАЭО елдері, оның ішінде Қазақстанда да электронды түрде қызмет көрсететін ұйымдардан қосымша құн салығын алуды көздейді. Қосымша құн салығын алудың осы екі ережесі қалай өзара жұмыс істейді?, – деп сұрады ол.

Бекболат Орынбековтың сөзінше, халықаралық салық конвенциясына сәйкес, Қазақстанда да расында да, екі жылдан бері Google-ға салық салынып келеді. Бүгінгі хаттаманың ратификациясы осы әрекеттің жалғасы саналады.

– Қазіргі таңда Google интернет-порталы арқылы тауарын сатып жүрген азаматтар 12 пайыздық қосымша құн салығын төлейді. Бүгінгі хаттама резидент емес кәсіп иелерін үркітіп алмайды. 2022 жылы аталған жүйеде жұмыс істеген 44 компания болса, 2023 жылы оған 23 компания қосылды. Екі жылдың ішінде жалпы салық 29,4 млрд теңге түсті (Google-ға салықтан). Бүгінгі хаттаманың ратификациясы Қазақстан бюджетіне түсімді арттырар деген сенімдеміз, – дейді ол.

Былтырғы көрсеткіш

Былтыр шетел компаниялары Google үшін Қазақстанға 13 млрд теңгеден астам салық төлегені хабарланған еді. Қазақстанда 2022 жылдың басынан бері барлығы 45 компания ҚҚС немесе “Google салығын” төлегені былтыр хабарланған болатын.