Салықтың үш түрінен Қазақстан бюджетіне жоспарлы қаражат түспей қалды

Аян Өрібай

Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, оған Қазақстан экспорттайтын тауарлардың әлемдік бағасының түсіп кетуі әсер еткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәди Тәкиевтің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 3 трлн 224 млрд теңге түскен. Жоспар 102,5% орындалған. Республикалық бюджетке 1 трлн 902 млрд теңге кірістер түскен. Кірістер бойынша жоспар 396 млрд теңгеге орындалмаған.

«Бұл импортқа қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы. Басты себептердің бірі - негізгі экспорттық тауарларға әлемдік бағаның төмендеу үрдісі. Мәселен, биыл қаңтар-ақпанда металдардың бағасы орта есеппен 9,1%-ға төмендеген. Сондай-ақ, «Теңізшевройл» компаниясы мұнайдың экспорт көлемін 2022 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы қаңтарға ауыстыруына байланысты экспорттық кеден бажының салығы салынатын шикі мұнай экспорты көлемінің 1 млн тоннаға азайғаны байқалады», - дейді Тәкиев.

Бұдан басқа, жоспардың орындалмауына биыл қаңтарынан бастап 2023 жылғы қосылған құн салығы бойынша 594 млрд теңгенің 252 млрд теңге борыштарды қайтара бастауы әсер еткен.