Ұлттық банк биыл Қазақстанда инфляция 8,0% болатынын мәлімдеді

Қалижан Бектемір

Қазақстан Ұлттық банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

Белгілі болғандай, сауалнама жүргізгенде Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты мен импорты, сондай-ақ ұлттық валюта бағамы сынды негізгі параметрлер ескерілген.

«Осы жылдың тамыз айында мұнай бағасына қатысты сценарий шарттары айтарлықтай өзгеріске ұшырамады. Респонденттердің медианалық күтулері бойынша, 2024 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы орташа есеппен барреліне 83,5 АҚШ долл. деңгейінде қалыптасады (бұған дейін — 83,7 АҚШ долл.). 2025 және 2026 жылғы күтулер 80,0 АҚШ долл. деңгейінде сақталып отыр», - деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Теңгенің еркіне кеткеніне 9 жыл: Девальвация тоқтады ма

Ал 2024 және 2026 жылдарға арналған Қазақстан экономикасына қатысты болжам 4,0% (бұдан бұрын — 4,1%) және 4,4%-ға (бұдан бұрын — 4,5%) дейін аздап қайта қаралған. 2025 жылы, бұрынғыдай 5,0% деңгейінде өсім күтіліп отыр. 

2024 және 2026 жылдары инфляция 8,0% және 6,0% деңгейінде күтіледі. 2025 жылға арналған болжам 6,8%-дан 6,9%-ға дейін аздап нашарлады.

«Сарапшылардың 2025 жылға арналған базалық мөлшерлеме деңгейі бойынша күтулері 11,0%-дан 11,9%-ға дейін қайта қаралған. 2024 жылға арналған базалық мөлшерлеме болжамдарының медианалық мәндері 14,4%-дан 14,5%-ға дейін біршама жоғарылады. 2026 жылға арналған бағалаулар өзгерген жоқ», - делінген хабарламада.

Сауалнамаға Қазақстан аумағында макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 14 ұйым қатысқан. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары және халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.

Белгілі болғандай макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары кірмейді. Онда ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалдың дамуына қатысты нарықтың кәсіби қатысушыларының дербес пікіріне, бағалаулары мен күтулеріне шолу жасалып отыр.