Әл-Фарабидегі жол апаты: экс-полиция басшысының жүргізушісі 3,5 жылға сотталды

Ulysmedia.kz

Алматыда ПД-нің бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты. Ә.Ж. әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне әкеп соққан жол апатына байланысты «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан, деп хабарлайды Ulysmedia. 

Сот үкімі

Сот Ә.Ж.-ны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейді. Сондай-ақ, ол полиция сержанты атағынан айырылды.

Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, полицей басқа жүргізушінің алкоголь ішкенін білген, алайда оның көлік жүргізуіне жол бермеген. Кейін оның қауіпті көлік жүргізгенін көргенімен, тоқтауын талап етпеген әрі полиция нарядын шақырмаған. Айыптау тарапы бұл әрекетсіздікті үш адамның қаза болуына әкеп соққан жол апатымен байланыстырады.

Толығырақ

Адам өліміне әкеп соққан жол апаты 2026 жылдың 21 наурызына қараған түні Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған. Александр Пак басқарған Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан үш адам қаза тапты. Осы жол апатына байланысты ПД-нің бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісі Ә.Ж.-ға ҚР Қылмыстық кодексінің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша, яғни ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік бойынша айып тағылды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қайғылы оқиға болған түні ол басшыға бекітілген қызметтік Hyundai Palisade көлігін жеке мақсатта пайдаланған. Ал жұмыс аяқталғаннан кейін көлікті автопаркке қайтаруы тиіс болған.

Сол күні Ә.Ж. Ержан Ұзабаевты шамамен сағат 21:30-да оны үйіне жеткізген. Осыдан кейін жүргізуші қызметтік көлікті гаражға қайтаруы керек болған. Алайда ол автопаркке бармай, Александр Пак пен оның таныстары отырған мейрамханаға барған.

Апатқа дейін Пак пен қызметтік Hyundai Palisade көлігін басқарған А.Ж. әл-Фараби даңғылында кезек-кезек бір-бірін басып озған. Ә.Ж.-ның алғашқы жауабына сәйкес, Пак оны соңғы рет басып озғаннан кейін жол апатына түскен.

Соқтығысудан кейін Ә.Ж. Пакке қираған Zeekr көлігінен шығуға көмектескен, кейін оқиға орнынан кетіп қалған.

Александр Пактың ісіне қатысты не белгілі?

Александр Пак адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты өз кінәсін мойындады. 22 маусымда сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырып, көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айырды.

Апаттан кейін ІІМ қызметтік тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша Ержан Ұзабаев және полицияның тағы бірнеше қызметкері қызметтерінен босатылды. Ал Ұзабаевтың жүргізушісіне қатысты іс бөлек қылмыстық өндіріске шығарылды.

Автор: Перизат Жарылқасын