Қазақстан велоспорт федерациясы Мақсат Аязбаевқа қатысты қылмыстық іс туралы ақпарат тарағаннан кейін мәлімдеме жасады. Қазақстандық бапкер Үндістанда кәмелетке толмаған спортшы қызды зорлады деген күдікпен іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстан құрамасына қатысы жоқ
Федерацияның мәліметінше, Аязбаев кейінгі бірнеше жыл бойы шетелде, үнді тарапымен жасалған келісімшарт бойынша жұмыс істеген.
Ол Үндістанның велоспорттан ұлттық құрамасын жарысқа дайындап, командамен бірге халықаралық жарыстарға баруға тиіс болған.
— Қазір Мақсат Аязбаевтың Қазақстан ұлттық құрамасына ешқандай қатысы жоқ. Тараған оқиғалар оның үнді тарапымен жұмыс істеген кезеңінде Үндістан аумағында болған. Істі Үндістанның құқық қорғау органдары қарап жатыр, — делінген мәлімдемеде.
Федерация бар мәліметке сүйене отырып, Үндістанда қылмыстық іс қозғалғанын растады. Ал жергілікті велоспорт федерациясы тергеу аяқталғанша Аязбаевты қызметінен шеттеткен.
Сонымен қатар, федерация тергеу қорытындысын күтіп, асығыс тұжырым жасамауға шақырды.
Істің мән-жайына қатысты федерация пікір білдірген жоқ.
Аязбаевтың ісі туралы не белгілі?
Бұған дейін Ulysmedia.kz 34 жастағы қазақстандық бапкер Мақсат Аязбаевты Үндістан полициясы іздестіріп жатқанын хабарлаған еді.
Кәмелетке толмаған велоспортшы қыз оны зорлады деп айыптаған.
Қыздың арызына сәйкес, оқиға 13 қыркүйекте Патиала қаласындағы спорт орталығында болған.
Бапкерді іздеу үшін арнайы топтар құрылған. Іздестіру жұмыстары Делиде де жүргізіліп жатыр.
Аязбаевтың төлқұжаты құқық қорғау органдарында жатыр. Ал шекара қызметіне оның елден шығуына жол бермеу жөнінде арнайы хабарлама жіберілген.
Айып тағылғаннан кейін қазақстандық бапкердің Үндістан құрамасымен бірге Жапонияда өтетін Азия ойындарына баруына берілген рұқсат та күшін жойған.