Бұл жөнінде Үкіметте «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бюджет параметрлері кепілдендірілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджет заңнамасында белгіленген қағидаларға сәйкес келеді. 2025 жылға арналған түсімдер 21,7 трлн. теңге деңгейінде болжанып отыр. Келесі жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге сомасында кепілдендірілген трансферт тарту жоспарланып отыр. Бюджет тапшылығы, 2025 жылы жалпы ішкі өнімге 2,7% деңгейінде, ал 2027 жылға қарай жалпы ішкі өнімге 1,9%-ға дейін төмендеу болжануды», - дейді Тәкиев.
Оның сөзінше, бюджет шығыстары 2025 жылға арналған кірістер мен тапшылықты ескере отырып, 2024 жылға қарағанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып, 25,8 трлн теңгені құрайды. Бюджет әлеуметтік бағытқа бағдарланған болып қала береді. 2025 жылы әлеуметтік салаға 2024 жылмен салыстырғанда 794 млрд теңгеге ұлғайып 9,8 трлн теңге бағытталады.
Нақты секторға бағытталған қаражат
2025 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға 2,1 трлн теңге көзделген. Бұл бағытта келесі басымдықтар қарастырылған 635 млрд теңге көлемінде шығыстарды құрайтын агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталады.
– Бұл бағыт шеңберінде көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру, «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде ауыл халқының табысын арттыру, Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларға кредит беру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жоспарланып отыр, – дейді Тәкиев.
Жалпы сомасы 568 млрд теңгеге республикалық деңгейде көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Ал 204 млрд теңге шығыстар құрайтын шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталады.