«Оқушының рефераты»: 382 млн теңге жұмсалған құрылыс кодексі жобасынан заңбұзушылық анықталмаған

Аян Өрібай

«Мұндай заңды 10-шы сыныптың оқушысы да жаза алады» деп бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек құрылыс кодексінің жобасын рефератқа теңеген еді. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков десе де бұл бағытта заңның еш бұзылмағанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

САПАРБЕКОВ НЕ ДЕЙДІ

– Негізінде тексеріс болған. Оның барысында еш заңбұзушылық “қарастырылмаған”. Кешірім сұраймын, менің сұрағым емес, бірақ білгенімді айтып жатырмын, – дейді ол.

“Демек, жүздеген миллион теңге дұрыс бағытта жұмсалған ба?” деген сұраққа Сапарбеков “тексеретін мекеме тексергенін” айтады.

БАЗАРБЕКТІҢ ӨТКІР СЫНЫ

Еске сала кетейік, бұған дейін Бақытжан Базарбек үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында құрылыс кодексінің жобасына 291 млн теңге бюджет қаражаты негізсіз жұмсалғанын айтқан еді. Депутаттың сөзінше, құжат сапасыз. Осылайша, қомақты қаржының бөлінуі де тиімді құжат әзірлеуге көмектеспеген. “Құрылыс кодексінің 98-99%-ы қолданыстағы заңдардан тұрады және ешқандай жаңашылдығы жоқ” дейді мәжілісмен.

Осыған байланысты бір топ депутат мұндай сапасыз кодекс жобасына бюджет қаражатын жұмсаудың орындылығы туралы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жүгінген. Ведомство бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануға мемлекеттік аудит жүргізіп, нәтижесін жариялаған. Біріншіден, 2023 жылға арналған бюджет кодексінің 41-бабының 4.2-тармағын бұза отырып, жалпы сомасы 382 млн теңгеге құрылыс кодексін әзірлеу Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мемлекеттік міндеттер тізіміне негізсіз енгізілген. Осылайша тексеріс нәтижесінде министрлік пен «ҚазҚСҒЗИ» құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ЖШС арасындағы келісімшарт негізсіз жасалғаны белгілі болған.

Екіншіден, министрлік бюджеттік өтінімде қамтылған мәліметтер мен есептердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етпеген. Осылайша бюджет кодексінің 67-бабының 12.12.1-тармағын бұзған. Бұл жалпы сомасы 291 млн теңгені құрайтын бюджет қаражатын негізсіз жоспарлауға әкеп соққан.

Үшіншіден, мемлекеттік аудит қорытындысынан түсінгеніміз, құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге сырттан ұйымдар тартылмаған. Қосымша үй-жайлар жалға алынбаған, 2023 жылдың мамыр-желтоқсан айлары аралығындағы штаттық қызметкерлерге еңбекақы негізсіз төленген. Жалпы алғанда құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге бюджеттік шығыстар жоспарланбаған. 

Мұның алдында Базарбек Құрылыс кодексінің жобасын “10-сыныптың оқушысы жаза алады” деп тағы бір сынаған еді.