Қазгидрометтің қалт-құлт еткен жағдайы: Мекемеге 137 гидрологиялық бекет керек

Қалижан Бектемір

Қазгидрометке 137 гидрологиялық бекет қажет. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Ulysmedia.kz. тілшісінің сұрағына берген жауабында мәлім етті.

42 БЕКЕТ ЖОСПАРДА БАР, ҚАЛҒАНЫ…

Ерлан Нысанбаев мәжілісте Қазгидрометтің жұмысын жандардыру жоспары бойынша сұраққа жауап берді. Оның сөзінше, мекеменің қызметін ілгерілету үшін гидрологиялық бекеттер жетпейді. Олардың саны біреу-екеу емес, 137 екені анықталған.

Министр бекеттің 42-сі 2030 жылға дейін Су және ирригация министрлігі қабылдаған тұжырымдама аясында ашылатынын айтты, ал қалған бекеттерді орнату мәселесінің басы әлі ашық емес.

 

БЕКЕТТЕР ҚАЙДА ҚОЙЫЛАДЫ

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, гидробекеттерді мониторингтан тыс қалған су басу қаупі жоғары учаскелерге, оның ішінде кіші өзен бассейндері мен жазық аумақтарға әрі трансшекаралық аймақтарға орнату жоспарда бар. Ол бекеттер толық істегенде биылғыдай табиғаттың тосын мінезін алдын ала болжап, қолда бар мәліметтер негізінде тиісті мекемелермен жұмыс жүргізуге мүмкіндік туатынын жеткізді.

Министр жобаға қанша қаражат керек екенін кейінірек толығырақ жеткізетінін айтты.