Ресей Байқоңырды жалға алғаны үшін Қазақстанға 2025 жылы қанша төлейді

Аян Өрібай

2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында Қазақстан 2025 жылы Байқоңырды Ресейге жалға бергені үшін қанша ақша алғалы отырғаны жазылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ЖОБАДА НЕ ДЕЛІНГЕН

– 2025 жылға арналған республикалық бюджетте Ресейден «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін 54 млрд теңге сомасында және әскери полигондарды пайдаланғаны үшін 9,4 млрд мың теңге сомасында жалдау төлемақылары түсiетіні көзделсін, – делінген құжатта.

Бұл тек бюджеттің жобасы. Жыл соңына дейін оған өзгерістер енгізілуі мүмкін. Түпкі қаражатты желтоқсанда бюджет қабылданған кезде көруге болады.

Байқоңыр ғарыш айлағын Ресей 31 жыл бұрын жалға алып, екі тарап келісімді бірнеше рет ұзартқан. 

Былтыр БАҚ ғарыш айлағын жалға алу құны жылына 115 миллион долларды құрайтынын хабарлаған еді.

ҚАЙТАРЫЛАТЫН НЫСАНДАР

Бұған дейін премьер-министр Ресей «Байқоңыр» кешеніндегі 234 нысанды Қазақстанға қайтаратынын хабарлаған. Бектеновтің айтуынша, «Байқоңыр» ғарыш айлағының ұшыру алаңдарын жаңғырту мақсатында «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің объектілерін жаңғыртуды көздейтін «Бәйтерек» жобасы іске асырылып жатыр. Салаға инвестиция тарту үшін инвесторларға «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне сапар ұйымдастырылады.