АҚШ-тан көзқарас: Қазақстанда әлеуметтік салаға бөлінетін бюджетті қысқарту керек пе

Ulysmedia

Қазақстанда, кез келген ел сияқты, шешуді қажет ететін көптеген мәселе бар. Оларды шешу үшін саяси ерік-жігер қажет. Осындай шешімдердің бірі әлеуметтік қажеттіліктерге бөлінетін үлкен бюджетті қысқарту болуы мүмкін. Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында АҚШ-та табысты мансап құрған, қазіргі уақытта Citadel хедж-қорының вице-президенті болып жұмыс істейтін қандасымыз Тілек Зейнуллаев осындай пікір білдірді.

Жасанды интеллект/Ulysmedia

АҚШ-ТАН КӨЗҚАРАС

– Экономика қалай жұмыс істейді, әлем қалай жұмыс істейді? Барлығы дұрыс жұмыс істеуі үшін бірнеше фактор бір жерге тоғысуы қажет. Тіпті біздің Ұлттық банк басшылығына Нобель сыйлығының лауреаты болып келсе де, біздегі инфляция мен валюта бағамы мәселелері шешілмейді. Біздің проблемалардың түп-тамыры тереңде жатыр. Бұл бір адамның техникалық білімімен немесе оның қабілетімен ғана шешілетін мәселе емес. Түйткілді мәселелерді – жұмыссыздықты, төмен жалақыны шешу үшін ауқымды өзгеріс қажет және бұл үшін саяси ерік-жігер керек, – деп есептейді Зейнуллаев.

Оның пікірінше, проблемаларды шешу анау айтқандай күрделі де емес.

– Шешімнің өзі күрделі емес, бұл қарапайым экономикалық мақсаттар мен қағидаларға негізделген. Бірақ саяси ерік-жігер және алғашқы уақытта бұл шешімге көпшілік риза болмауы да мүмкін, әсіресе, бастапқы кезеңде, – деді ол.

Зейнуллаевтың айтуынша, әлеуметтік қажеттіліктерге бөлінетін бюджет туралы мәселені көтеру керек.

– Неге біздің бюджетімізден әлеуметтік қажеттіліктерге осыншама көп қаржы бөлінеді? Бұл – ойлануды қажет ететін мәселе. Бірақ халық мұны талқылауға дайын ба, білмеймін, себебі бұл өте нәзік тақырып. Бізде көбіне қысқа мерзімді шешімдерге жүгінеді, ал ұзақ мерзімді ойлануға ниет аз. Бұл, меніңше, саяси себептермен байланысты, – деп түсіндірді Зейнуллаев.

Толық сұхбатты Ulysmedia.kz порталының YouTube арнасынан көруге болады.