Депутаттың жанайқайына Үкімет екі-ақ сөйлеммен жауап берді

Аян Өрібай

Қазақстан билігі футболға кеткен шығынды «пысықтап» жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

ДАУДЫҢ БАСЫ

Даудың басы Қазақстанның ұлттық құрамасының Франциядан 8:0 есебімен жеңілуінен басталған еді. Ел футболы тарихындағы масқара есеппен жеңілуі елдің қатты наразылығын туғызған. Осы мәселені Мәжілісте көтерген ақжолдықтар баспасөзде аймақтардағы футбол клубтарына 71 млрд жұмсалғаны, тек «Астана» клубының өзіне 15 млрд бөлінгені, жарыса жазылғанын келтірге еді. «Бірақ нәтиже қайда?!» деп орынды мәселе көтереді олар.

«Футбол федерациясы бас хатшысы: «Біз бюджеттен қаражат алмаймыз, қайдағы миллиардтар, 200 миллион теңге ғана алдық» деп жауап беріпті. Ал «Жеңілістің себебі – жақсы футболшылардың тапшылығы» - деп ақталуда. Федерация «Бюджеттен көп қаржы алмаймыз» дейді, бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алып жатыр. Соңғы үш жылдағы облыстық әкімдіктердің кәсіби клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес – 111, 2 млрд. Ал федерацияға республикалық бюджеттен, УЕФА-дан, Самрұқ-Қазынадан, демеушілер бөлген қаржыларды қосар болсақ, олардың есебі жоқ – өйткені ресми мәліметтер жоқ. Футбол әлемі бойынша барлық анық ақпараты бар transfermarkt.com сайтының мәліметі бойынша Қазақстан футболының бір жылдық бюджеті – 133 млрд теңге», - дейді депутат Қазыбек Иса.

ПЛ-ДЫҢ ЖАРТЫСЫ – ЛЕГИОНЕР

Депутаттардың айтуынша, жақсы футболшылардың тапшы болатыны өз футболшыларымызды дайындаудың орнына, мол ақшаны шетелдіктерге жұмсап жүргендіктің тікелей нәтижесі. Премьер-лигадағы 371 футболшының 150-і, яғни жартысына жуығы легионерлер. Оған бірінші лигадағы 16 футболшыны қосса, сонда бәрі 166 легионер бар. 

«Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалып жатыр. Қазақстан 30 жылда 1 ғана стадион салса, футбол бюджеті бізден екі есеге жуық аз Өзбекстан 10 стадион салып тастаған. ФИФА рейтингісі бойынша Қазақстан 125 орында. Ал ТМД бойынша футбол бюджеті ең аз – Қырғызстан 96-орында. Бразилияға алақайлап шығарып салған 78 балақайдың футбол ойнап жүрген біреуі де жоқ?! Миллиардтар алып отырған қазақ футболында гол жоқ! Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ! Әлемдік рейтингте ешқандай клубымыз 100-діктің қатарына кірмейді. Ал 200-діктің соңында, 186-шы орында тек бір «Астана» клубы ғана бар. Бірде бір футболшымыз трансферлік құны бойынша алғашқы 500-дікке кірмейді. Ендеше, футболға халықтың қыруар қаржысын Франциядағыдай әлемге масқара болу үшін құйып отырмыз ба? Нәтижесіз футболға бөлінген 133 миллиардқа кемінде 133 мектеп салуға болар еді…» - дейді депутаттар.

КЛУБТАРДЫ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ КЕРЕК

Осылай деген депутаттар бюджетке байланған футбол клубтарының барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажеттігін айтқан. Олардың айтуынша, мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар бапкерлерін дайындауға жұмсалуы керек. Ауылдардағы талантты балаларға жағдай жасалуы тиіс. Аудан орталықтарында, қала маңында да тегін футбол алаңдарын салу керек.  Ал үйірмелердегі жаттықтырушыларға педагогтармен тең лайықты жалақы төленуі тиіс.

Сауалда сонымен қатар осы уақытқа дейін мемлекеттен футбол саласына бөлінген қаржының есебі берілуі керектігі айтылған.

«Еліміздегі кәсіби футбол клубтарына бюджеттен жыл сайын қанша қаржы бөлінді? Қазақстан футбол федерациясына 2002 жылдан бері УЕФА-дан жыл сайын қанша қаржы бөлінді? Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорынан және Ұлттық олимпиада комитетінен футбол федерациясына жыл сайын қанша қаржы бөлінді және қайда жұмсалды, бәрінің есебін ел білуі тиіс», - деген еді депутаттар.

ҮКІМЕТТІҢ ЖАУАБЫ

Аздаған эмоциямен жолданған депутаттық сауалға Үкіметтен Ералы Тоғжанов жауап беріпті. Алайда сауалдардың ешбіріне мардымды жауап келтірілмеген. Үкімет екі беттік сауалға екі сөйлеммен жауап жолдаған екен.

«Қазіргі таңда Қазақстан футбол федерациясымен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге сауалда көтерілген мәселелердің шешу жолдары пысықталуда. Осыған орай сіздердің сауалыңызға жауап кейін берілетінін хабарлаймыз», - делінген Тоғжановтың жауабында.