Қазақтар бес есе көп ақша табуы керек - экономист

Сырым Қаржас
Коллаж: ulysmedia.kz

Экономист қазақстандықтардың ең жиі кездесетін айлық табысы ел экономикасының деңгейіне сай емес деп санайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“97 мың теңге — бұл экономикамызға лайық емес”

Экономист Рахымбек Абдрахманов елдегі әлеуметтік теңсіздік пен байлықтың шамадан тыс шоғырлануына назар аударды. Оның айтуынша, билік бұл мәселені ресми түрде тек Қаңтар оқиғаларынан кейін ғана мойындаған. Ол кезде мемлекет басшысы ел байлығының жартысы бар-жоғы 162 адамның қолында екенін айтқан еді. Алайда бірнеше жыл өтсе де жағдай өзгермеген.

– Былтыр Ұлттық статистика бюросы модальды жалақы туралы мәлімет жариялады. Яғни, экономикада ең жиі кездесетін табыс көлемі – 97 мың теңге. Бұл өте аз, шамамен 200 доллар ғана. Ал бүгінгі ЖІӨ көлемін ескерсек, қазақстандықтар бес есе көп табуы тиіс. Яғни, елімізде модальды жалақы кем дегенде 500 мың теңге болуы керек, – деді экономист Airan басылымына берген сұхбатында.

Айта кетейік

Модальды жалақы — белгілі бір саладағы немесе жалпы экономикадағы ең жиі кездесетін жалақы мөлшері. Бұл орташа немесе медианалық көрсеткіштен ерекшеленеді, себебі ол халықтың нақты көпшілігі қандай табыс алатынын көрсетеді.

Бұған дейін

Еске салайық, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанда азаматтық мемлекеттік қызметкерлердің ең төменгі жалақысы 2026 жылдан бастап 99 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екенін айтқан болатын.