Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерінен 300 млн доллар криптоактивтерге салынады

Динара Жарқынбек
Ашық дереккөзден

Ұлттық банк криптонарықтағы мүмкіндіктерді зерттеп, Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтердің бір бөлігін активтерге бағыттау мәселесін қарастырып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сенатта өткен брифингте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов Ұлттық қор мен еліміздің алтын валюта резервтерінен криптоактивтерге қаржы салу жоспары талқыланып жатқанын мәлімдеді. Бұл бастама алғаш рет қараша айында Мәжілісте айтылған еді.  Бүгін Сенат кулуарында журналистер Берік Шолпанқұловтан оның қаржылық қауіпсіздігі туралы сұрады. 

Шолпанқұлов бұл жоспарлау әдеттегі құбылмалы, бақылауы қиын криптовалюталарға қатысы жоқ екенін түсіндірді. Оның айтуынша, қаралып отырған мәселе – реттелетін қаржы нарығында бағалы қағаздарға ұқсас, сенімді түрде орналастырылатын активтер.
Ол сондай-ақ мұндай инвестиция тек пайда әкелуге нақты мүмкіндігі бар, тәуекелі есептелген жағдайда ғана жүзеге асатынын атап өтті.

- Бұл – бағалы қағаздарға ұқсас, реттелетін нарықта орналастырылатын активтер. Егер олардың перспективасы жоғары екенін көрсек, қаржы салу мүмкіндігін қарастырамыз, – деді ол.

Алдын ала есеп бойынша, криптоактивтерге шамамен 300 миллион доллар бөлінуі мүмкін. Ұлттық банк бұл мәселеге қатысты әлі нақты шешім қабылдамағанын, барлық тәуекелдер қазір толық зерттеліп жатқанын айтты.