Қазақстанда спортқа қаражат жеткілікті деңгейде бөлінбейді - ҰОК бас хатшысы

Аян Өрібай

Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюковтың айтуынша, қаражатты кәсіби спорт клубтарынан алып, балалар мен жасөспірімдер спортына, Олимпиадалық спорт түрлеріне бөлу керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Фото: Ашық дереккөзден

«Токио Олимпиадасындағы біздің ұлттық құраманың өнерінің нәтижелілігін төртке бөлуге болады. Каратэ, теннис, спорт гимнастикасы, ауыр атлетика секілді спорт түрлерінен спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Садақпен ату, байдаркада және каноэде есу, еркін күрестен спортшылар нәтижесін жақсартты. Ал велосипед спортынан нәтижеміз жаман болды. Қанағаттанбайтын нәтижені сонымен қатар бокс, грек-рим күресі, жеңіл атлетикадағы спортшылар көрсетті», - деді Андрей Крюков Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас Ассамблеясының отырысында.

Оның айтуынша, Токио Олимпиадасында отандық спортшылардың сәтсіз өнер көрсетуіне ең алдымен пандемияның салдары себеп болған.

Андрей Крюков сонымен қатар әр спорт түрінен ұлттық құрамалардың дайындығына бөлінген қаражат жетпей жатады дейді.

«Жергілікті бюджеттерден ұлттық құрамаларды дайындауға спортқа бөлінген қаражаттың 6 пайызы ғана аударылады. Мысалы шет елдерде 50 спортшысы бар бір құрамаға бөлінетін сомаға біз 1300 спортшыны ұстап отырмыз. Сол себепті кәсіби клубтарға бөлінетін қаражатты балалар мен жасөспірімдер спортына, Олимпиадалық спорт түрлеріне аударуды дұрыс деп есептейміз. Себебі Олимпиада спортшыларының жетістіктері өскелең ұрпаққа үлгі болады», - деді ол.