Ақтау маңында Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына Ресей зымыраны себеп болған деген нұсқаны әлемдік БАҚ іліп әкетіп, қызу талқылап жатыр. Баку ресми реакция білдірмесе де, ондағы жекелеген саяси тұлғалар Ресей кешірім сұрауы керектігін ашық айта бастады. Бұл нұсқа расталған жағдайда халықаралық дау туындауы мүмкін бе? Бұған алты азаматынан айырылған Қазақстан билігінің реакциясы қандай болуы керек? Ulysmedia.kz осы сұрақты халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловқа қойып көрді.
ҚАДЫРОВ ТА, ПУТИН ДЕ КЕШІРІМ СҰРАУҒА ҚАБІЛЕТСІЗ
Халықаралық сарапшы Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты Ресей тарапы үндемей қалуы мүмкін емес деп есептейді. Себебі, бұл халықаралық алаңда талқыға түскен тақырып: Ресей мен Әзербайжанға, тіпті Қазақстанға да қатысы болып тұр.
– Азаматтық ұшақ апатының себебін Ресей жартылай жабық түрде мойындағансып, мың құбылтып, басқа техникалық, фантастикалық сылтауларға әкеп тіреуі мүмкін.
Мәскеудің апатқа қатысты алдағы жариялайтын ресми ұстанымын болжау қиын. Өйткені апатқа Ресей территориясындағы әскери жағдайдың қатысы анық. Ресей өз әскерилері байқаусызда ұшақты атып алған жағдайда, өз айыбын мойындауы мүмкін емес сияқты. Себебі бұл әлсіздіктің белгісі ретінде қабылданады деп ресейлік тарап қорқады. Қадыров, Путин сияқты адамдардың психологиялық табиғаты да кешірім сұрауға мүлдем қабілетсіз, – дейді Жанат Момынқұлов.
ТЕҢСІЗДІКТІҢ КӨРІНІСІ
Сарапшының сөзінше, апатта қайтыс болғандар кәдімгі қатардағы бейбіт адамдар болғандықтан, адам өмірінің құны баршаға белгілі режимдерде үлкен бір халықаралық дауға айналу ықтималы төмен. Жанат Момынқұлов рәміздік тұрғыдан символикалық белгі жасалып, апатқа ұшырағандарға көңіл айтып, мәселені басқа себептерге жауып, көмескі күйде қалдырады деп пайымайды.
– Апатта қайтыс болған 6 қазақстандық азамат туралы медиамыз онша көп жазып жатқан жоқ сияқты. Бұл да теңсіздіктің, жабықтықтың бір көрінісі, – дейді ол.
ОЛАРҒА БӘРІБІР
Жанат Момынқұлов сонымен бірге, соғыс жағдайындағы Ресей үшін адам өмірінің құны түк емес деп тұспалдайды
– Трамп айтқандай, 600-700 мың адамын Украинада құрбан еткен режим үшін қанша адамы өлсе де бәрібір сияқты.
Біздің пост-тоталитарлы қоғамдарда барлығы қоғамдық қысымға байланысты. Азаматтық топтар, қоғамның белсенді бөлігі белсене талқыласа ғана қимылдаулар болады. Тарихи жадымыз қысқа ел болғандықтан мәселені 5-6 млн. доллар компенсациямен жабуы да мүмкін, – дейді ол.
ӘЗЕРБАЙЖАНДАР ҰЛТШЫЛ, КЕКШІЛ ХАЛЫҚ
Халықаралық сарапшы Қазақстанның медиасында құстарды кінәлі деп айтып, қоғамды дайындап жатқанын байқаған. Әзержайжандықтар мұны былай қалдырмайды деп ойлайды.
– Олар ұлтшыл, кекшіл халық. Әлиев Қарабақтың батыры ретінде делдалдары арқылы Батыстың медиасына ақпаратты ақырындап сыздықтатып жіберіп отырады. Егер Әлиев сәл қорқақтық танытса, оның Қарабақтағы беделіне нұсқан келеді. Әзержайжандықтар да мәселенің қыр-сырын сараптап саралап отыр. Тергеу комиссиясының қорытындысы Әзербайжанмен арадағы күшейіп келе жатқан түркі, транс-каспий альянсымызға кері әсер етпесе болғаны.. Бәлкім Назарбаев жасырақ болғанда өзіне тән мінезбен әзербайжан және батыстың медиасына сыбырлап, сыздықтатып, ишаралап болса да өз ұстанымын жеткізер ме еді, кім білсін? – дейді Жанат Момынқұлов.
EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН
Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазып жатыр.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады. Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.