Аңға шыққан олигархтар ТЖМ тікұшағын қанша теңгеге жалға алды

Алдаберген Кемпірбаев

«Қазавиақұтқару» АҚ қазақстандық олигархтар аңға шығу үшін тікұшақты қаншаға жалдағаны туралы Ulysmedia сауалына эксклюзивті жауап берді.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Бұдан бұрын БАҚ-та қазақстандық миллиардерлер Айдын Рахымбаев, Арманжан Байтасов және Берік Қаниев болып, Forbes тізімі бойынша серіктері Игорь Рыбаковты Қазақстанда аң аулауға алып шыққаны туралы ақпарат тарады. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағын жеке тұлғалар аң аулау үшін пайдаланғанын растады. 

«Қазавиақұтқару» АҚ  эксклюзивті сұхбат барысында компанияға қарасты барлық нысандарда әуе кемелерін жалға беретіндерін мәлімдеді.

«Тікұшақ типіне байланысты ұшу сағатының бірыңғай тарифтері бекітілген. Мәселен жазық және таулы жерлерде ұшу үшін авиациялық қызмет көрсету сомасы сағатына шамамен 750 мың теңгені құрайды. Тариф құны әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету, әуе кемелерінің тұрақ алаңдарын қамтамасыз ету, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үшінші тарап ұйымдарының (әуежай) қызметінен тұрады», – деді компанияның баспасөз қызметінің өкілі Алмаз Ғабдулин.

Олигархтар демекші, тікұшақтағы «серуен» «Astana Business Aviation» ЖШС берген өтінім бойынша жүзеге асырылған.

«Жоғарыда айтып өткендей, егер әуе кемесі ел халқын қорғау мақсатында мемлекеттік органдар үшін ұшуға тартылмаған болса, онда ол компанияның белгіленген тарифтеріне сәйкес ұшуды жүзеге асыра алады. Бұл ретте тікұшақ ұшуды жүзеге асыру кезінде техникалық даяр басқа әуе кемесі болады. Осы жағдайға байланысты бортқа адамдарды жіберген лауазымды тұлғалармен тиісті шаралар жүргізілді», - деп сендіреді компаниядағы баспасөз қызметінің маманы.

Тікұшақтарды жалға беру қызметі қарастырылған болса да, компания өкілі олигархтарды бортқа жіберген адамға ескерту жасалғанын мәлімдеді. 

«Қазавиақұтқару» АҚ басты міндеті Төтенше жағдайлар министрлігіне авиациялық қызмет көрсету.  Яғни, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, азаматтық авиация саласындағы басқа да шаруашылық қызметті жүзеге асыру. Әуе кемелері төтенше жағдайлар аймақтарына гуманитарлық жүктерді, құтқару жасақтарын және арнайы техниканы жеткізу  бойынша ұшады.  Сонымен қатар, авиациялық барлау жүргізу, су тасқыны мен мұз жағдайын бағалау мақсатында,  Алматы қаласының  су тасқындары мен тау бөктерлері аймақтарын аралап ұшу үшін тартылады, ТЖ кейін қалпына келтіру жұмыстарын қамтамасыз етеді, апатқа ұшыраған балықшыларды құтқаруға, дала және орман өрттерін сөндіруге қатысады.

Тікұшақтар медициналық модульмен жабдықталған, оның құрамына дефибриллятор, өкпенің жасанды желдету жүйесі, көктамырішілік инфузия жүйесі және шалғай елдімекендерден науқастар мен жарақат алған адамдарды аудандық, облыстық, республикалық медициналық мекемелерге жеткізуге қажетті шараларды қамтамасыз ететін басқа да медициналық жабдықтар кіреді.

Еске сала кетсек, өткен аптада Екібастұзда санавиацияны 3 апта күткен белгілі дәрігер көз жұмды. Марқұм Сергей Кривоносенко қаладағы білікті  травматолог, хиропрактор болған еді.

Қазіргі уақытта «Қазавиақұтқару» компаниясының авиапаркі 35 тікұшақтан тұрады, оның ішінде орташа, ауыр және аса ауыр санаттағы әуе көліктері бар.