Мемлекеттік аукцион сайтында Қонаев маңындағы 24 гектар жер учаскесі 1 млрд теңгеге саудаға шығарылды. Жер Проблемалық несиелер қорына тиесілі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖЕР УЧАСКЕСІ ЖАЙЛЫ
Ауқымды аумақ Шеңгелді ауылдық округінің аумағында орналасқан. Нысаналы мақсаты – өндірістік база ретінде пайдалану үшін деп көрсетілген. Жер аумағына жақын жерден теміржол тартылған. Қала арасындағы пойыз жүреді.
Аукцион бағаны төмендету әдісімен жүргізіледі. Жер учаскесінің құны 1,055 млрд теңгеге қойылған. Ең арзан бағасы 175 млн теңгеге дейін төмендетілген. 6 мамырда өтетін аукционға қатысу үшін 52,7 млн теңге жарна төленуі тиіс.
Аукцион сайтындағы ішкі құжаттарға үңілсек, жердің бір жылдары “Серт” АҚ компаниясына тиесілі болғаны жайлы мәлімет келтірілген. 2023 жылы жеке сот орындаушының қаулысы қоса бекітілген. Ол құжаттарға сәйкес, 2022 жылы Алматы қаласының ауданаралық экономикалық соты аталған “Серт” АҚ пен пен “Алматықұрылыс” компаниясын Проблемалық кредиттор қорына 4,2 млрд теңге қарызды өтеуге міндеттеген. Компанияның екеуінде де қарызды жабарлық сома болмаған, бірақ жер учаскесі бары анықталған. ОНың нарықтық құны 335 млн теңгеге бағаланатыны жазылған. “Серт” компаниясы осылайша, жерді қорға өткізген.
“Серт” компаниясының құрылтайшысы ретінде ресми мәліметтерде “Мейрам” ЖШС мен Амангелді Ермегияев көрсетілген.
Ал “Алматықұрылыс” компаниясының құрылтайшысы көрсетілмесе де, бірінші басшысы Амангелді Ермегияев екені жазылған. Ол бүгін де ЭКСПО ісі бойынша жазасын өтеп жатқан Талғат Ермегияевтің әкесі.
EXPO ІСІ
2016 жылы тамызда «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының үкімімен 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сонымен қатар оған материалдық жауапкершілігі жоғары мемлекеттік лауазымды иеленуге өмір бойына тыйым салынды және «Парасат» ордені қайтарып алынған. ҚР ҚК-нің 176-бабының 4-бөлігіндегі «б» тармақшасында қарастырылған ауыр қылмыстарды бірнеше рет қасақана жасады деген күдік келтірілген еді.
Сот үкімімен Аян Адамбаев, Орал Ибаділдина мен Сұламбек Беркінxоев айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Қуаныш Медеуов, Мұрат Омаров, Валерий Син - 8 жылға, Азамат Тұматаев - 10 жылға, Шоқан Матайбеков, Әлішер Пірметов - 5 жылға, Мадина Дәулетбаева - 4 жылға сотталды. Олардың мүліктері де тәркіленетін болады. Сонымен қатар материалдық жауапкершілігі жоғары лауазымдарды атқаруға тыйым салынған еді.
«Экспо-2017» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Омаров Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында осы іс бойынша өз нұсқасын айтқан болатын.